#
#
Сейсенбі 13/11/2018

Шәкәрімнің «Үш анығы»

  • 11.07.2018
  • 0
  • 763

Шәкәрімнің творчестволық рухани жағынан қалыптасу жолы дала оқу орындарында оқып, даярланбаған қалпын танытады. Бірақ не болса да, өзі түртініп араб, парсы, шағатай, орыс тілін үйреніп, сол тілдерде жазылған рухани қазына көздерін тереңдей меңгеріп, шыншылдықпен ой қорытқан дала ойшылын көреміз.

Шәкәрімнің бүкіл рухани болмысындағы ақындық өнері мен ойшылдық танымы өзіндік сыры мол, айтылар пікірінің астарлы қабаттары оқырман атаулыға алдын ала даярлықсыз ашыла бермейтін сыр бүгіп жатқан ерекшелігі бар. «Үш анықтағы» таратылатын басты ойдың өзекті желісі де Абай мұрасындағы мораль философиясына орай кеңінен таратылатын жан құмары мәселесімен тікелей байланыста жатқан құбылыспен астасатындықтан, Абай шығармаларындағы осы мәселенің не екенін жіті танып білген кісі ғана Шәкәрім ойына еркін бойлай алмақ. Мұның себебі... Абай марқұм болған соң, содан ғибрат алып: «Мен адамдықтың, адалдықтың жолын қуғаным жөн деп, басымды шытырман шатақтан ерте босатып алып, білім жолына түстім», - деп Шәкәрімнің өзі Абайдағы мораль философиясына ерте қадам басқанын атап көрсетуінде үлкен мән-мағына жатыр деп білмек керек.

Шәкәрімнің «Үш анығын» жазу жолында айтарлықтай алдын ала зор даярлықтан өткен. Шығыс пен Батыстың рухани қазына көздеріне бас қойғанда, ондағы идеалистік, материалистік бағыттағы еңбектерімен таныстығы мол болған себепті: ,

Пәнші дейді: - Қайда тәңір?
Дінші дейді: - Менде тұр...
Пәнші ғалым/- М. М./нанды бес сезімге,
Дінші теолог - М. М./адасты жолынан,-
деген сыншыл ой қорытындысы ретінде берілген дүниетаным көп нәрсенің астарлы сырын да аңғартады емес пе? Осы арқылы Шәкәрім, біріншіден, затшылдық ғылым жолындағы таныммен, екіншіден, дін жолындағы теологтардың дүниетанымы бірінші, екінші деп көрсетіді де:

Іздедім, таптым, анығын
Тастадым екі танығын,-
деп өзі ғұмыр бойы шарқ ұрып ізденіп тапқан жолы үшінші анықты ұсынады. Ол үшінші анығы – Абайда кеңінен сөз болған мораль философиясындағы жан құмарына барып, ұштасатын ұждан туралы күрделі проблеманы көтерді. Мұнысы Шәкәрімнің ұзақ жылдарға созылған ғылыми-творчестволық ізденіс үстінде келіп туған ой қорытындысы ретінде берілетін негізгі тезисі:

Еңбекпенен, өрнекпенен,
Өнер ойға толықса.
Жайнар көңіл, қайнар өмір,
Ар ілімі оқылса, -
деп тұжырымдалған танымда жатыр. Яғни, Шәкәрімнің «Үш анығы» мақсат, ар түзейтін бір ғылымдытабу болғандықтан, өмір бойы осы жолда ізденген.

Осы ар ілімі саласында тікелей немесе жанама түрде жазылған Батыс, Шығыс тілдерінде жазлыған еңбектердегі мораль философиясы жайлы ойлар тарихын сыншыл көзбен екшей келіп тапқаны:

Отыз жылдай жиғаным
Сау ақыл – менің иманым.
Аламын соған сиғанын,-
деп өзіндік жан сырын Абайдағы нұрлы ақыл ұғымымен сабақтастыра қарайтыны бар. Яғни, Шәкәрім «Үш анық» деп аталатын философиялық трактаттарын жазуға даярлықты 1898 жылдан бастап кірісіп, отыз жылдай ізденіп, жиған-тергенін өз ой көрігінен өткізіп, қорытындысы 1928 жылы аяқталатынын көреміз.

Мекемтас Мырзахметұлы

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар