07 қыр, 2018 сағат 13:12

Серік Қонақбаевты AIBA президенті қызметіне ұсынды

Қазақстан бокс федерациясы AIBA президенті лауазымына Серік Қонақбаевты ұсынды, деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметі.

«AIBA сайлау туралы ережеге сәйкес, біз барлық ұлттық федерацияларға өз ұсынысымыз туралы хабарладық. Енді олардан біздің үміткерді қолдайтын хат күтіп отырмыз. Кейін біз құжаттарды Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының штаб-пәтеріне жібереміз. Құжаттар тексерілгеннен кейін үміткерлердің тізімі AIBA сайтында жарияланады», - деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Бекжан Бектенов.

Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA)  атқару комитетінің мүшелері мен президентін сайлау 2-3 қарашада Мәскеудегі кезекті конгресте өтеді.

Серік Қонақбаев - танымал әуесқой боксшы. Ол спорттық мансабын аяқтағаннан кейін қоғамдық істермен және спорт менеджментімен айналысқан. Ол бокстан екі дүркін Еуропа чемпионы және екі рет Әлем кубогын иеленген. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері. Қонақбаев екінші, үшінші және төртінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты. 2010 жылдан бері AIBA атқару комитетінің мүшесі, 2014 жылдан бері - AIBA вице-президенті және Азия бокс конфедерациясының президенті.