15 қаң, 2018 сағат 13:46

Серік Ақсұңқар. Қара өлең - Қара теңізде (Поэма)

ҚАРА ӨЛЕҢ - ҚАРА ТЕҢІЗДЕ

(Поэма)

 

Дүйсен Қасейіновке. Автор.

Қасиетін Алланың терең ұғып, білмеп ем,

Тазартатын кез жетті жан мен тәнді кірлеген.

Жүніс Әміре (1238-1320 ж.ж.)

 

Адыра қалған заманның

Мен жаратпаймын сүреңін... 

Мұрат жырау (1843-1906)

 

 

Пролог

Қарамай алағай мен бұлағайға,
Жеткізген - жер иесі ұлы Абайға; - 
Түріктің түп тамыры Түркістан ғой,
(Хас Сақтың қанын құйып тұла бойға!).
 
Алланың құйылады нұры кеп құр;
Аймалап Жерортадан жылы леп бір;
Түркия!
Арқасына Аруақ қонған,
Өзіңе Түркістанның ұлы кеп тұр!
 
Көшінің қонған жері жыр-аңыз деп,
Ат басын соған қашан бұрамыз деп, -
Егіліп Мағжан өтті "Елім-ай"-лап,
Тарихтың көмбесінен Тұранды іздеп.
 
Атажұрт - жерін ойлап, елін ойлап,
Бекем бір ел болуға белін байлап, -
Алаштың жыры атам заманыңнан
Келеді керуен тартып "Елім-ай"-лап!
 
Қырындап қызға, мейлі, сері болып,
Теңізге жырыңды төк тебіреніп;
Өлеңге "Елім-ай"-дың сарыны жоқ,
Өмірі егілмейді ел еміреніп.
 
Аларған атажауға шегіп айбат,
Азалы жерін ойлап, елін ойлап, -
Түркия!
Түркістаннан мен де келдім:
"Түңілігі желбіреген елім-ай!"-лап...
 
Аластап Алашыңның алаң күнін,
Иыққа тік көтерген заман жүгін, -
Бауырым, арып, аңсап дидарыңды,
Мен келдім Ата жұрттан саған бүгін.
 
Паш етіп ұлдарыңның дүр екенін,
Көтертпей қыздарыңның бір етегін;
Түркия!
Төрткүл мына дүниеге,
Түріктің Сен көрсеттің кім екенін!
 
Өзіңсің жылытатын тоңса қолым,
Сенде екен қанша іздесем, сонша - жоғым,
Өріне Өркениет шықтың самғап,
(Өзгеше бір ниеті болса да оның...)
 
Әрі - асқақ, әрі - жұмбақ,  әрі - әдемі, -
Қазақтың жан-жүйесі, бар әлемі, -
Құрлықтан сүңгіп Қара теңізіңе,
Келіп тұр қазағыңның қара өлеңі?
 
1."Көроғылы"
 
Қараорман - қара жұртым!
Қаралы - елім,
Халқыммен қоса туған қара өлеңім!
Сенімен арсы менен гүрсіге ұшып,
Аспаннан Алашыма қарап едім;
Сен менің көзімдегі қарам едің,
Табынып жүрген кезде араб пұтқа,
Көз ілмей Көк Тәңірге қарап едім!
Тұлымын Көк Бөрінің қасиеттеп,
Бұрымын ҚызЖібектің тарап едім...
 
Түркімен,
Өзбек,
Қырғыз -
Дара бәрі,
Қазағы -
Қайтпайтұғын қара нары;
Көрінен атып шығып "Көроғлы,"*
Түріктің күллі жұртын аралады.
 
*"Көроғлы" - түрік ұлыстарының эпосы
 
Туғанда қазақ әнге салып келді, -
Халқымыз - Жырға,
Жыр да - халыққа ерді.
Өлеңді -
"Көроғлыдан" бастап Түрік,
Алашты Абайына алып келді!
 
Көненің көзі болған "Көроғлы",
Не ұлы бұ жалғанда, -
Өлең ұлы!
... Түріктің қай жерінде жүрсем-дағы,
Күңіреніп құлағыма келеді үні...
 
2. Қазығұрт хикаясы
 
"Қазығұрттың басында кеме қалған..."(Қазақтың қара өлеңінен). 
 
Іргесі бір-бірімен қатар қонған,
Гоморра-Содам* деген шаһар болған.
Адамның көріп сонан азғындығын,
Бір күні Алла қатты қаһарланған.
 
Алланың хикметін сезіп өлмей, -
Не болды кісіліктен безінердей;
Албасты басқан мынау қандай ұлыс,
Алтыннан басқа түкті көзі көрмей?!
 
*Гоморро мен Содом - Тәңірінің кәріне ұшыраған ел.
 
Байлықты кететіндей көріне алып,
Ит болды ертедегі бөрі халық:
Шенунік, шенділері шылқып алды,
Халықтың қазынасын бөліп алып!
 
Әлсізін күштілері алып соғып,
Қарақшы қазынаға қарық болып;
Ойнақтап ойнас шықты от басына,
Махаббат деген мүлде, тәрк болып!
 
Көзін де салмай, тіпті, көшеліге,
Өр ұлын нысана ғып өсегіне;
Әйелмен әйел сонда әуейі боп,
Еркекті сүйрейді еркек төсегіне!
 
Аштықтан азалы елі далада ұшып,
Күптей боп көзі-басы барады ісіп;
Бай-бағлан мас боп жатты,
Саф алтыннан - 
Құйылған саптаяқтан шарап ішіп!
 
Болмас-ау, адамзаттың қоры мұнан?
 Сайтан да шошыйтұғын порымынан, -
Бұл елді бір-ақ күнде жоқ қылды Алла!
(...Біз соның өсіп шықтық орынынан!).

Құрлықтардан, мұхиттан, балықтардан
Келген аңыз, -
Құлағым шалып қалған;
Содом менен Гоморра дейтін жерде
Қазақстан сияқты халық болған... 
 
Ода бізше бүлініп, былығады,
Байлық пенен мансапқа құнығады.
Биттей өріп,
Иттейін ылығады;
Құтырады,
Құлайды құрып әлі;
Арам шөптей арамы қаулай түсіп,
Баудай түсіп... адалы қырылады; 
Қаралы ұлттай қараша аштан қатып,
Қара құрттай қаптайды ұрылары...
Адамизат азған соң күннің күні,
Ашуына Алланың ұрынады:
 
« - Нұх Пайғампар!
Кел, маған бұр бетіңді?
Көрсетейін өзіңе құрметімді:
Күнәдан пәк — Сен ғана!
Топан судан
Аман алып қал, - деді Ол - үмбетіңді!».
 
...Сол кемеге сыйған жұрт аз-ақ болған,
Қалғандары Тәңіріне мазақ болған;
Сол кемеде, меніңше, үш жүз емес,
Бары-жоғы екі-үш-ақ қазақ болған...
Орман болмай, қайдағы біреу болмай,
Қазақ болған, -
О, қандай ғажап болған?!
 
Алла бізді жебеп-ақ келеді алдан,
Фәни — мәңгі!
Уақытша неге - жалған?!
Атырау-Арқа-Алатау-Алтайыңа
Дейін бел мен белесі белең алған, -
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, - неге қалған?!
 
Сол кемеден жаһанға қарап еді,
Ғалам жатты тербеліп, қаралы өңі.
Қолында  оның түгі жоқ болса-дағы,
Керінеді кеудесін - қара өлеңі!
 
Қасиетті қанынан танып текті ,
Тәңірінен оған бір  шалық кепті; -
Кеудесінен қара өлең ұшып шығып,
Қара аспанға көтеріп,
Алып кетті...
 
Сол қазақтан шыққан соң Түрік елі,
Қиясында Алтайдың жүріп еді!
...Тамырлары үзілген... күннің күні,
Алашымен қайтсе де  кірігеді!
 
3. Нұрғисаның* "Әлқиссасы"
 
Жеткен түу замандардан құлаққа үні,
(Ұқпайды бізден басқа ел, бірақ, мұны):
Қазақтың өмірі мен өнерінің
"Әлқисса" -
Әубастағы құлақ күйі!
 
Хас Сақтан Үйсін, Арғын, Адай болған,
Алладан ақ жаныма арай қонған;
Алашым адамзаттан тумаса асып,
Алтайдан -
Атырауға қалай қонған?!
 
Дүниең көмескі боп менен қалған,
Көзімнің алдында ылғи көнем болған;
Көңілім - көкжиектей түпсіз, шексіз,
Өмірім - өмір емес -
Өлең болған!
 
Жүргем жоқ соқа тартып, үйді айналып,
Қанатым Хан-Тәңірге тимей қалып, -
Ұштыммен Алатаудан Атырауға,
Кеттім мен әнге айналып,
Күйге айналып!
 
Жеткен түу замандардан құлаққа үні,
(Ұқпайды бізден басқа ел, бірақ, мұны):
Қазақтың өмірі мен өнерінің
"Әлқисса" -
Әу бастағы құлақ күйі!
 
Қанатты Күннен шалдым,
Айдан шалдым,
Біржан сал -
Құшағымды жайған салмын;
"Базарың құтты болсын, ардақты елім!"-
Дедім де аспаныңда сайран салдым!
 
Жетектеп елдің қамын жейтінерге,
Күлтегін, Хан Кене мен Кейкілерге, -
"Әлқисса",
Сенсің Мені алып келген,
Эпостан -
Эпопея Дейтін Елге!
 
Алла да алдына ылғи алды-ау, мені,
Дүние -
Тұрандайын самғау ма еді?
"Әлқисса" -
Қазағымның құлақ күйі,
Нұрғиса* -
Базарымның бал-дәурені!
 
*Н. Тілендиев.
 
4. Әсеттің Құранды аударуы   
            
 Қарамай алағай мен бұлағайға,
Жеткізген - жер иесі ұлы Абайға; -
Түріктің түп тамыры Түркістан ғой,
(Хас Сақтың қанын құйып тұла бойға).
 
Қырындап қызға, мейлі, сері болып,
Теңізге жырыңды төк тебіреніп;
Өлеңге "Елім-ай"-дың сарыны жоқ,
Өмірі егілмейді ел еміреніп.
 
Соны айтып аңыратқан, Дала, сені,
Құдай-ай,  қай қазақтың баласы еді?
Ақын - сол!
Ал, біздікі жай әшейін, -
Соның бір шалығы ғой, Алаш елі?
 
Муза-Ару аршынына ұшып еді,
Кеудесі ақша бұлтты құшып еді.
Алланың құдіретін адамзатта,
Молда емес, -
Ақын ғана түсінеді!
 
Құлжада —
Алып жүрген жанын зорға,
Әсетті қоршап алып қалың молда:
«Сәждеге жығылмаған кәпір!» - дейді!
...Не десін мына тұрған залымдарға?!
 
Өлімді жерде молда семіреді,
Шағылды шыдамы, (о да біртемір еді);
Күледі қалың молда сық-сық етіп:
«Бұл шәйір шариғаттан не біледі?!»
 
«Ғұлама» дей ме мұны қара халық,
Намазға жығылған соң нар атанып?
...Құранды оқып, тоқып алған ақын,
Жасынан мұсылманша қара танып; -
 
Жанына қойса да жұрт жара салып,
Түспейді биігінен аласарып:
Шымырлап кетті арқасы...
Ақын сонда -
Шырқады домбырасын ала салып!
 
Жыр-Сұңқар көзін кермек жасқа малып,
Арсы мен гүрсіден де асты-ау, - арып; -
Қазақша сонда Құран сайрап кетті,
«Фатиха» сүресінен бастау алып.
 
Аршыға қарай қанат қақты қыран,
Құлжадан аспанына ақты қыран -
Хафиздей!
Алласының ғажайыбы -
Алдында парақталып жатты Құран...
 
Қалың жұрт - үйге сыймай, алқалаған,
Сығалап, жабықтан кеп анталаған:
...Алаштан кетті арабқа, есіл боздақ,
Алланың аманатын арқалаған!
 
Тер кетті самайынан тарамдалып,
Ел кетті Тәңірді іздеп,
Ғалам — қалып;
Тал-түсте басталған жыр, ертеңіне
Таң ата тамылжып кеп, -
Тамамдалып...
 
Сол өлең Құлжадағы қырда қалған,
Эпоста —
Ел аузында,
Жырда қалған;
Қалықтап Тәңіріне қарай кетті,
...Қалғанын дүмше молда ұрлап алған!
 
Құлжада қалды сол жыр,
Жерде қалды,
Құлақта,
Белде қалды,
Елде қалды.
Айналып соққан дауыл, желде қалды,
Алланы танып Алаш —
Шерде қалды...
 
Дауысы өр Әсеттің сайға барды,
Сайдан да өтіп,
Тауға,
Айға барды.
Пушкиннен аударғаны жұртқа мәшхүр,
...Алладан аударғаны қайда қалды...
 
5. Қажықұмар*
 
Әсеттің бір тұяғы - Қажығұмар,
Жұртына қағып кеткен қазығы бар.
Бір-бірін іздемесе Алаш ұлы,
Аз ұлттың Құдай қандай назын ұғар?
 
Абайы...
Жазға жетер азығы бар, -
Ол енді кімді өзіне қазы қылар?
...Қасқырда бөлтірігін іздеуші еді, -
Қазаға қазақтың да жазығы бар!
 
Әрине, қазақтың да жазығы бар,
Жебірей болса, -
Жаһан назын ұғар;
Алаңсыз ішсе жұрты қара суын,
Ұлтының уын ішті Қажығұмар!
 
Қазақта қағып кеткен қазығы бар,
Қытайда шәйіт болды Қажығұмар.
Құл болып жүре алмады демесеңіз,
Құдайға оның қандай жазығы бар?!
Боздаған...
Хош,
Боздағым,
Қажығұмар!
 
...Көненің көзі болған "Көроғлы",
Не ұлы бұ жалғанда, -
Өлең ұлы!
Түріктің қай жерінде жүрсем-дағы,
Күңіреніп құлағыма келеді үні...
 
Азия, Еуропаны араладым,
Қара өлең,
Қара теңіз,
Қара бағым!
Қара өлең,
Қара теңіз,
Қара бақтан,
Басқаға көз тоқтатып қарамадым!
 
Қайтейін, қайран, жұртым, Алаштайын,
Алдыма бақсыдайын бал ашпайын;
Қасымның аруағына тәу етіп бір,
Мен сені қара өлеңмен аластайын!
 
Алла да Алаштың бір назын ұғар,
Ел болып жерге қаққан қазығы бар;
Бір ұлы - Тоқтар болса аспанға ұшқан,
Бір ұлы - Қытайда өлген Қажықұмар;
Өзінің несібесін өзі алмастай,
Құдайға қандай оның жазығы бар?!
 
*Қытай түрмесінде ғұмыры өткен қазақ жазушысы
 
6. Таулы Қарабақ*
 
Алланың құйылады нұры кеп құр;
Аймалап Жерортадан жылы леп бір,
Түркия!
Арқасына Аруақ қонған,
Өзіңе Түркстанның ұлы кеп тұр!
 
Сен -
Бүгін жүректегі қара дағым,
Ғаламға шырқап айтар қаралы әнім!
Қайтейін, басы - жауда, бағы - дауда,
Қап қойған қасіретті Қара Бағым*?!
 
Қазақтың Хакім Абай қара нары,
Бір қарыс Низамимен аралары;
Қараорман болса егер қалың түрік,
Сен -
Соның қалып қойған Қара Бағы!
 
Арқадан Қарабаққа шапқылап кеп,
Шашаңа қарақаттан қақ тұрад деп, -
Жотаңа қанша қазақ із тастады,
"Беріш",
"Қашаған",
"Ақ бұлақ"* - деп?
 
*Таулы Қарабақтағы қазақша атаулар.
 
Түрікке "Көроғлы" боп тарай-тарай,
Көшіп ең қалған жұртқа қарайламай.
Сен -
Менің көзімдегі қара мең ғой,
Талды ғой саған көзім қарай-қарай?
 
Атыңды Түрік деген халық қойған,
Кәпір кеп саған талай салыпты ойран;
Алладан Саған сауға сұрап тұрмын,
...Адамнан көңіл әбден қалып қойған...
 
Сұмдықтан қаным суып, жаным шығад,
Төгіліп өзегімнен зарым шұбап;
Ғаламнан бір жауабын ала алмаған,
Қазақтың қара өлеңі - қалың сұрақ...
 
Сайтанға  билік, тізгін  тигелі бір,
Дүние неге бөлек күйге еніп жүр;
Әйелмен әйел қалай әуейі боп,
Еркек пен еркек қалай үйленіп жүр?!
 
Кім бұған қарау оймен қарап еді,
Сұрланып күннен күнге барады өңі?
Айтсаңшы, дүниенің маған жөнін,
Қазақтың қалың сауал - қара өлеңі?
 
7. Шора батырдың күйі-- "Ноғайлы"
 
Қарасам шежіре мен аңызға өткен,
Алды-артын ойламайтын жанбыз неткен?
Қазанды жау шапқанда Шора* батыр,
Бізді ертпей, - қалай сонда жалғыз кеткен?!.
 
*Шора батыр – аңыз, ертегі үлгісіндегі қаһармандық жыршы. Шора батыр жөніндегі жыр РумынияТүркияҚырымҚазан татарлары, ноғайлар, қарақалпақтар, башқұрттар, чуваштар, қырғыздар арасында да кең тараған.
 
Оралдан жылқымды елге айдап келдім,
Бос келмей, бес қаруды сайлап келдім.
Бердің де Қазанымды қалың жауға,
Қоса оған қазағыңды байлап бердің!
 
Қазаным, қайран, алтын босағам-ды,
Сенімен менің шашым қоса ағарды.
Барасың бордай тозып, қайда, жұртым,
Босатып беріп жауға босағамды?
 
Бұ не жау жан-жағымнан қаптап кетті,
Көкорый жайлауымды таптап кепті;
Қазанның ашылған сол қақпанымен,
Қазақтың қазанынан қақпақ кетті...
 
Дүние оны көрсе дір етеді,
Белгілі қазағыңа кім екені;
Келіп тұр қазаныма, маған емес, -
Шұбырып аузындағы сілекейі...
 
Сол Шора неге асықты, келіп-кетпей,
Бойынан қойды ғой бір желік кетпей?
Алғанда Қазанды мен қайда жүргем,
Соңынан Ноғайлының еріп кетпей?!.
 
Туғаным, келсең - төрле: "Жан ағам! - деп, -
Мен сенің кіндігіңнен тарағам!"- деп.
Туғалы екі көзім Қырымда еді,
Жырымға жылан құсап қарағам жоқ!
 
8. Жамиланың* әні
 
Жамала!
Жамала-Ару!
Жамала-Жан!
Үніңнен айналайын "Аға!"-лаған;
Мен тұрмын тілеуіңді тілеп сенің, -
Алла-Тағаладан!
 
*Суса́нна Алимовна Джамалади́нова (известная как Джама́ла—украинская певица и актриса крымскотатарско происхождения, народная артистка Украины, выпускница Национальной музыкальной академии Украины 
(Википедия).                
 
 Қырымның Ай-Аруы Жамала қыз,
Баһадүр - әкең сенің, анаң - аңыз.
Алла - алқап, Аруақ - жебеп асқақ тұрсың,
Зақһарын шашса-дағы заманаңыз?!
 
Сен жүрсең Қырымда күн ашық болған,
Арнадан Қара теңіз асып-толған;
Татардың аруына, мен түгілі,
Мағжан көкем-дағы ғашық болған!
 
Алдыңнан Жаһан шығып жайқалып ап,
Құшағын ашып тұр ғой айқарып-ақ;
Қырықтың Қыдыры боп тұрсың, міне,
Қырымды әніңменен қайтарып ап!
 
Шерлі еді екі егіз бұл халық неткен,
Аңырап азалы әнге салып кеткен?
Қобыздың зарлы даусы естіледі,
Кобзардың көзден жасы тамып кеткен...
 
Жамила!
Жамала-Ару!
Жамала-Жан,
Түрікке - жан-жағын жау қамалаған, -
Бір жылы хабар келе жатқан сынды
Ақжолтай болып Алла-Тағаладан...

Түркімен,
Өзбек,
Қырғыз -
Дара бәрі,
Қазағы -
Қайтпайтұғын қара нары;
Көрінен атып шығып "Көроғлы"*
Түріктің күллі жұртын аралады.
 
Қара өлең қалды қашан қатып... бұғып,
Жата ма жер астында жаһұт - тынып;
Жетпіс жыл Шах-Кәрім боп жерде жатып,
Ілескен "Көроғлыға" атып тұрып!
 
Қара өлең жан ұшырып тартады елге,
Ақсораң, Маңғыстау мен Марқакөлге.
Ағады желге ілесіп, (қалып қоймай, -
"Ақ табан Шұбырынды-Аққакөлде!").
 
Ауысып асылдардан - асылдарға,
Қауышып жасындардан - жасындарға;
Кетеді ол ғасырлардан - ғасырларға,
Жетеді ол Қасымдардан - Қасымдарға...
 
9. Түрік-нама
 
Азия, Еуропаны араладым,
Қара өлең,
Қара теңіз,
Қара бағым!
Қара өлең,
Қара теңіз,
Қара бақтан,
Басқаға көз тоқтатып қарамадым!
 
Көненің көзі болған "Көроғлы",
Не ұлы бұ жалғанда, -
Өлең ұлы!
...Түріктің қай жерінде жүрсем-дағы,
Күңіреніп құлағыма келеді үні...
 
Сағаттың екі тілі зырылдап бір, 
Біздерге қандай заман қырындап тұр?!
Рух бір -
Жетім бала,
Адамзаттың
Астында аяғының шырылдап тұр!
 
Дүниеде құрт-құмырсқа жыбырлаған,
Бөліп ап жаһананы, жырымдаған.
Сен, қайда ұмтыласың, қара өлеңім,
Жүрек - жоқ!
Ішек-қарын тұр жыбырлаған...
 
Орын жоқ саған енді осы арада,
Төлеген - жоқ қой?!
Қалған Қос Обада!
Төрде, әне, Сайтан отыр сақ-сақ күліп,
Періште бүріседі босағада!
 
Қарасаң, әрі - ғажап, әрі - әдемі,
Теңізі, көпір, нөпір бар әлемі;
Жұмақ қой - Анталияң, бірақ, оған,
Жетпей тұр Алашымның қара өлеңі?
 
Қара өлең -
Тылсым ғалам,
Керім әлем!
Көзімді ашсам ылғи сені көрем.
Көзіне көрінетін қара таппай,
Әсет те хош айтысқан сеніменен.
 
Ойында күдік те жоқ, сезік те түк,
Арқасы анда-санда қозып кетіп, -
Қазақ та көшкен жұртта қалып қойды, -
Өзінен қара өлеңі озып кетіп!
 
Қара өлең Күнге кетті, Айға кетті,
Қалай ол көзімізді байлап... өтті?
Жұртында оның көшкен біздер қалдық,
Құдай-ау, қас-қағымда қайда кетті?!
 
Түрік те, өзбек, қырғыз, түрікпен боп,
Жете алмай жүгірсе де, жіліккен кеп;
Ол барған Жерұйыққа , біз түгілі,
Ордалы отыз ел де іліккен жоқ...
 
Өзі жоқ Бұхарлардың,
Сөзі қалған,
(Көкейін алмай елдің, - көзін алған?).
Жалғанда біздей сорлы жұрт бар ма екен,
Рухы озып кетіп...
Өзі - қалған?!
 
Эпилог
 
О, Муза!
Қасіретті,
Қасиетті!
Өзіне кім кеп мені асық етті?
Зілмауыр қанды ғасыр қанша ма рет,
Кеудеңнен зілтемірдей басып өтті?!
 
Көненің көзі болған "Көроғлы",
Не ұлы бұ жалғанда, -
Өлең ұлы!
...Түріктің қай жерінде жүрсем-дағы,
Күңіреніп  құлағыма келеді үні...
 
Кемпірбай ұшып кетті кептерге еріп,
Дауылдар сан жауһарды кеткен көміп;
Құдай-ау, біз ғана ма, адамзаттың
Аяғы тұр ғой қазір көктен келіп?!
 
Атағы тұрған күнде түріп көкті,
Толстой көрмей...
Ерте жүріп кетті:
Қалай бұл "Соғыс және бейбітшілік"**,
Кітаптан -
Көкжәшікке кіріп кетті!
 
**Л. Толстойдың дәуірнамасы
 
Егілтті, өзіне елді сүйікті етті,
Құдай-ау, неге бізді қиып кетті?
Ақылға сыймайтұғын асқақ әлем,
Қалай бір экранға сыйып кетті...
 
О, Муза!
Жөнедің бе кетіп алға,
Аулақ қып жамандықтың бетін Алла, -
Адамзат Саған қайтып келеді бір,
Немесе, -
Өледі бұл - экранда...
 
Бетінде Нобельдің* де  - қара таңба,
Салып ап үлестірді салафанға!
Абайдың бір шумағын тауып алып,
Аялар заман кеп тұр алақанға...

 

*Нобель сыйлығы.

Қарағанды-Астана-Анкара-Ескишехир-Анкара-Амасия-Болу-Стамбул-Астана-Қарағанды).

09. 03. - 02. 12. 2016 ж