01 қар, 2017 сағат 06:45

Сергелдеңге салған сәләфизм

Жақында Ольга Агапованың ratel.kz сараптамалық-интернет порталынан «Деструктивная салафитская секта на примере одной семьи» атты жазбасын оқыдым. Сіріңке тиіп кетсе, жанып кеткелі тұрған өзекті тақырып жаға ұстатпай қоймады. Өзекті өртейтін өкініш. Шырмалған тағдыр... Шаңырағы шайқалған отбасы... Санасын үрей билеген балалар...

Бүгінгі таңда радикалды және діни фанатизмге қатысты жайттардың барлығы дерлік қауіпті. Ольга Агапованың жазбасынан бүгінгі қоғамның ащы шындығын көруге болады: «Бүгін мен ескі досыммен кездестім. Олар қалыпты отбасы болатын, 4 және 5 жастағы екі қызы бар. Ері жұмыс істеп, әйелі отбасында балаларды тәрбиелеп отырған...

Ақырында «сестралармен» болған таныстықтан соң, әйелі хиджаб киіп, намаз оқу туралы шешім қабылдайды. Біраз уақыттан кейін «апа-сіңлілердің» жанында әлдебір «бауырлар» табылып, барлық хиджаб кигендердің арасында мықты байланыс орнай бастайды. Осы сәттен бастап отбасылық өмірде үлкен өзгеріс болды. Теледидар қарау, әуендер тыңдау және фильмдерді көру – харам, балабақшада өтетін ертеңгіліктерде сөйлеу – харам, неке жүзігін тағу – харам. Жолдасына да: «Сізбен бірге ұйықтау дұрыс емес, сіз адал мұсылман емессіз» деп айта бастайды. Туған күн, жаңа жыл секілді мерекелерді тойлауға мүлдем қарсы. Тіпті балаларға ертегі айтылмауы керек. Оны күпірлер ойлап тапқан. Сырқаттанып ауырған балаларды емдеуге және емдетуге болмайды, оларды Алла қорғайды... Кешкі сағат алтыдан соң терезелерді ашуға болмайды, себебі бұл уақытта шайтандар ұшып жүреді.

Алматыдағы бір мешіттің имамымен жүздестіріп, пікірлесу жөнінде айтқанда, өздерін шынайы мұсылман сезінгендіктен, «олар Ханафи мәзхабында» деп мешітке барудан да бас тарта бастады. Сәләфилердің «нағыз мұсылманбыз» деген ой жетегінде жүргенмен, адасушылықта екенін бұл әйел де анық білмеген болса керек. Үш жыл бойы сергелдеңге салған сәләфизмнің шырмауы аяғында бір отбасын ойрандады. Бітпейтін кикілжің мен ұрыс-керістен үрейленген, еш жазығы жоқ сәбилер шкафтың ішіне жасырынатын. Күйеуіне: «Сенімен тұра алмаймын және сенімен ұйықтай алмаймын» деп қайталай беретін...

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот барлық жағдайды анықтаған соң балаларын әкесіне тапсырады. Қыздар аналарын қаншалықты жақсы көремін деп айырылуды қаламаса да, бір жасырын сыр ашылмай қалды. Сәләфилер оны барынша жасырды. Құқық қорғау органдарының араласуының арқасында кейбір «бауырлар» елден шығарылды. Бірақ ең қорқыныштысы – елден кетіп, балаларды Әзірбайжанда жасыруы  болды...»

Иә, сергелдеңге салған сәләфизмнің қасіреті – отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, балаларды жәудеңдетіп, некені тәрк етуі.

Дерттің үлкен-кішісі болмайды. Сол секілді дәстүрлі дінімізден артық дін де, дұрыс жол да жоқ! Анығында, дін мен дәстүрді алшақтатып, отбасылық өмірді ойыншық санайтындардан сақтанатын мезгіл өтіп барады, енді олар тамырын тереңге жібермей тұрғанда тосқауыл қою керек. Асыл дінімізді аяқасты етіп, имандылардың атына ұят келтіріп жүргендерге бір жаза берілу керек емес пе?! 

Отбасы құндылығынан маңызды не бар?.. Отбасында мейірім мен махаббатқа қанып өспеген ұрпақ ұлтына ізгілік жасамайтыны аян. Ер кісі – әйелдің, отбасының қорғаны. Ер бұзылса отбасының ойраны шығады, ал әйел бұзылса бүтін бір ұлт күйрейді. Қазір кейбір жастар отбасын құрып, оны сақтауға келгенде жауапсыз. Ең қорқыныштысы, санасы уланған, діні мен ділінен безіп, төл тәрбиесінен «құбыжық көргендей» үрейленетіндер, жат ағымның «бағытсыз жолын» бақыт санаушылар күн санап артып отыр. Мұндай отбасынан «жемісті» ұрпақ өсе ме?.. Қоғамдағы жезөкшелік пен азғындықтың салдарынан қауіпті аурулар пайда болуда. Күллі адамзат баласын адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын ислам дінінде «ақ неке» деген ардақты ұғым бар. Өкінішке орай, соңғы уақытта шариғаттың шарттарын бұрмалап, талақ етуді «тәбәріктей» көретіндердің қарасы көбеюде. Күйінесің!..

Неке мәселесіне жауапсыз қа­рай­тын сәләфилік жамағат өкіл­дері арасында уақытша некені заң­дастыру деген бар. Ата-аналарының келісімінсіз, әлдебіреулердің куәлігі­мен неке қия салатын жұптар көбейген сайын ажырасу да жиілеуде. Көңіліне ұнамаса талақ бере салып, отбасы мен балаларының тағдырына алаңдамай қаперсіз жүретіндер қатары да артып барады. Тегінде тектілік пен даналық, қанында намыс пен жігер ойнайтын қазақ жастарының ұсақталып бара жатқаны жаныңды ауыртады екен...

Бұған біз де кінәліміз!? Себебі, жақынымыз бен өз бауырларымызға жақсы жолды көрсете алмадық. Ата-ана бала бағып, жан сақтаудың қамымен азанда кеткеннен түн қата оралды. Еріккен бала ғаламторды ермегіне айналдырғандықтан, өз еркін жеңе алмаған кейбір жастарымыз шетін уағыздарды тыңдап, шала жансар «діндар» болды.

Мұхаммед пайғамбар: «Дінде шектен шықпаңдар, шектен шығу құрдымға кетіреді», - деген. Бір елді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған экстремистік және лаңкестік әрекеттер шектен шығушылықтың, радикалды көзқарастардың салдарынан орын алып отыр. Иә, жүре берсең, көре бересің. Өкініштісі, дүмше діндарлар отбасын ойрандап, «ерді сыйлау» ұғымын теріс пайдаланып жүрген секілді. Бір келіншек күйеуінен қорқып, бірде мәзһабпен, бірде мәзһабсыз жүр. Күйеуіне ұйыған уақытта намазын басқаша оқыса, ол үйде болмаған уақытта өз қалауынша оқиды екен. Себебі, күйеуі: «Сен ханафи бойынша неге намаз оқисың?» - деп бірнеше рет таяқтап тастаған. Қайран сенім! Иманды ұрпақ тәрбиелеу мақсатында шаңырақ көтеріп, бір сенімде болғанға не жетсін?! Қазақтың дәстүрін түбегейлі жоққа шығарып, «бидғат» деп безілдеп жүргендердің жағдайы қандай аянышты!?

Тұрар Әбуов,

Дінтанушы