24 там, 2016 сағат 12:01

Сербия Қазақстан Президентін зеңбіректен 10 дүркін оқ атып, салтанатпен қарсы алды

"Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербияға сапары басталды.  Сербия сарайы ғимаратына келген Елбасын сербиялық әріптесі Томислав Николич қарсы алып, зеңбіректен 10 дүркін оқ атылды. Осыдан кейін екі елдің мемлекеттік әнұраны ойналып, мәртебелі мейманның құрметіне сап түзеген қарауыл бастығы баянат жасады", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президентін қарсы алу рәсімі аяқталғаннан кейін екі елдің Мемлекет басшылары шағын құрамдағы кездеу залына өтті. Қазіргі уақытта кездесу басталып кетті, одан кейін кеңейтілген құрамдағы   келіссөздер жүргізіледі. Қорытындысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланған.

Мұнан бөлек, Елбасының Сербия Премьер-Министрі  Александр Вучичпен және Серб патриархы Иринеймен кездесуі, сонымен қатар Белград орталығындағы шағын алаңдардың бірінде Сербия Президенті Томислав Николичпен бірге Жамбыл Жабаевтың мүсінін ашуы күтілуде.