31 мам, 2017 сағат 11:53

Сенім шыңға жетелейді

Түлектер өмір мектебінің ең қызықты шағы ол – студенттік шақ деп бекер айтпаса керек. Студент атану, студенттік шақтың әбрір көрінісін есте қалдыру, өз білім ордаңның дәрежесіне сай қызмет ету, әрбір ізденушінің міндеті деп білемін.

Алғаш әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түскенімде, Ұлттық университеттің ұлттық құндылықтары басым екендігін, студенттің ой- өрісін кеңейтетін түрлі ғылыми жобалар, өнеріңді шыңдайтын үйірмелер мен ұйымдар атауын естігенде бірден жүргізушілік қабілетімді шыңдауға барып едім. 

Университет түлегі атануыма аз уақыт қалды. Студент боп жүргенде түрлі бағыттарда өзімді шыңдағаныма биыл төртінші жыл екен. Әрбір жылдың қорытындысын жасай келе, факультетіме қандай жетістік сыйладым деп ой түйетін едім. Ал бүгін мен ерекше толғаныстамын! Себебі Ұлттық университетте мамыр айының соңғы сенбісінде дәстүрге айналған  түлектер кеші өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының шешімі бойынша, университетіміздің әр факультетінен үздік студенті таңдап алынып, оқудағы үздік көрсеткіштері мен университет қабырғасындағы қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысқаны үшін шәкіртақы иегері атандым. Факультетімнің биылғы түлектері ішінен үздік студент атанғаныма университетіміздің он төрт факультеттерінің үздіктерімен бір сахнада марапатқа ие болғанымда, көзіме жас келді.

Білім ордасынан екі мыңға жуық студент қанат қаққалы отыр. Түлектер ішінде үздіктердің үздігі атану, берген сенімді ары қарай шыңдау деп білемін. ҚазҰУ түлегі атану - мен үшін абырой, мен үшін мәртебе! Қала ішіндегі қалашық мені өмір мектебінде шыңдады. Өзге өңірлерден келген ізденушілермен бірге дос болуды, ізгілікті бойыңа жинауға, қайырымды болуға, айналаңды нұрға бөлейтін жан болуыма тәрбиеледі. Тал бесіктен алған тәрбиемді, ата-анамның сарқылмайтын мейірімін университетте ұштастырғаныма қуанамын.

Таңдауым үздік университетті қалап еді. Ал мен бүгін өз университетімнің үздігі атандым!

Жансерікова Назкен

әл- Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті 4- курс студенті