02 нау, 2018 сағат 12:47

Сенатор жаңа əліпбиді балабақшадан бастап оқытуды ұсынды

Еліміздегі балабақша тегіс қазақ тілінде және жаңа әліпбимен білім беруге көшуі мүмкін. Кеше сенатор Мұрат Бақтиярұлы бүлдіршіндерді бөліп-жармай, бәрін қазақ тілінде тәрбиелейік деген ұсыныс жасады, деп хабарлайды KTK арнасы.

"Жалпы, латын графикасына көшу туралы Елбасының жарлығы шықты. Сол жарлыққа сәйкес кезең-кезеңмен өтуіміз керек. 2025 жылдан бастап біз ең бірінші кезекте балабақшалардан бастауымыз қажет. Сондықтан мұны дәл қазір өтпесек те алдымызда кезең-кезеңімен өткізу мәселесі тұр. Білім және ғылым министрлігі осы бастан балабақшаларға, бастауыш сыныптарға байланысты латын графикасына негізделген оқулықтарды осы кезден бастауы керек", – деді Мұрат Бақтиярұлы. 

Сенатор мемлекеттік тіл барлық қазақстандықтарға ортақ тіл екендігін алға тарта отырып, осыған орай, жалпы Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, яғни бүкіл бала-бақшаларда ендігі арада оқу-тәрбие жұмыстарының бәрі де тек латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілде жүргізілуін ойластыруды және бала-бақшаларда латын әліпбиін қазірден бастап оқытып, үйретуді қажет деп санаймыз. Үкіметтің осы мәселеге қатысты кешенді іс-шара жасауын сұрайтындығын жеткізді.