05 сәу, 2019 сағат 11:14

Сенатор бекітілген бюджеттің өзгере беретінін сынады

Алдағы жылдарға арналған ел бюджетін Парламент тастай қылып бекітіп береді. Қанша ақша қайда жұмсалатыны Үкіметте, Мәжілісте, Сенатта біршама уақыт талқыланады. Бәрін ескеруге тырысады. Бірақ, сол бюджет жыл бойында тағы қайта қаралып, нақтыланып жатады. Әрине, егер жаңа міндеттер туындап, реформалар жасалып жатса оның жайы бөлек. Алайда бюджетті бекіту механизмінде бірқатар ескеруге тиіс мәселелер де бар екен. Бүгін Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен 2019-2021 жылдарға арналған бюджетті нақтылау туралы заң жобаларын қараған Сенат отырысындағы талқылаулар барысында сенатор М. Жұмағазиев Ауыл шарушылығы саласын мысалға ала отырып, бюджеттің қайта-қайта нақтылануына қатысты сын пікірін айтты. 

Сенатордың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласына қатысты Парламент бекіткен республикалық бюджеттің жыл бойы бірнеше рет нақтылануының бірінші себебі, жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін қалыптастыру методикасында екен. Трансферт көлемі қазір ауыл шаруашылығы өнімінің үлесіне емес, ауыл шаруашылығымен айналысатын халықтың санына негізделген. Ол өз ретінде әртүрлі келеңсіздіктер тудырады.

Екіншіден, бюджетті жоспарлау барысында «төменнен жоғары» қағидасын ұстанылмайды. Дұрысы,  ауыл шаруашылығының құрылым басшылары мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде бюджетті қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылуға тиіс;

Үшіншіден, ауыл шаруашылығын субсидиялау ережелері тұрақсыз. Оның жыл сайын өзгеруі аграршыларды толғандырып, ертеңгі күніне сенімсіздік тудырады. Бұл ретте аталған ережені үш немесе бес жылға бекіту мүмкіндігін қарастыру керек.

Төртіншіден, өңірлерде жалпы сипаттағы трансферт бойынша бөлінген қаражатты басқа салаларға жұмсалу мүмкіндігінің де әсері бар. Осыған орай, бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалануы үшін, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жауапкершілігі арттырылуы тиіс.

Сенатор өз ұсыныстарын айта келіп Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровқа «Аталған мәселелерді шешу мақсатында қандай шаралар қабылданады?» , - деген сұрақ қойды.

Министр С.Омаров сенатордың сыны орынды екенін, кейінгі кезде өндіріс өсімінің тез өсуі есепке алынбағандықтан,қосымша қаражат қажет болып, соған байланысты бюджетке өзретулер қажет болғанын мойындады. «Бұдан кейін ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерімен келісіліп, беріліп жатқан субсидиялардың жағдайын жақсарту керек болғанда ғана өзгертеміз», - деді  министр С. Омаров.

Сенат отырысында сенаторлар 2019-2021 жылдарға арналған бюджетті нақтылау туралы заң жобаларын қарап, толықтырулар жасап, Мәжіліске қайтарды.

Әділбек Қаба