09 қаң, 2020 сағат 13:28

Сенат төрағасының орынбасары Шымкент педагогтарына жаңа заңды түсіндірді

ҚР Парламент Сенаты торынбасары Бектас Бекназаров, сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс сапарымен Шымкент қаласында жүр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сенат Төрағасының орынбасары сапар барысында қала әкімі Ерлан Айтахановпен кездесті.

Кездесуде Парламентпен қабылданған заңдардың мазмұны, рухани жаңғыру және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері жөнінде әңгіме өрбіді.

 

Сонымен қатар, депутаттар қаланың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі қорытындылармен және биылғы жоспармен танысты.

Қала басшысы өнеркәсіп пен білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында атқарылған жұмыстар жайы мен мегаполисті дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

«Мемлекет басшысының Шымкент қаласын дамыту бойынша берген тапсырмасының негізінде қаланың үш жылдық даму жоспары бекітілді. Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты - Түркістан облысынан қосылған 41 елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту. Мәселен, биылғы бюджеттің 70 пайызы дәл осы 41 елді мекеннің аталмыш проблемаларына бағытталады», - деді Ерлан Қуанышұлы.

Өз кезінде Бектас Әбдіханұлы Парламентпен қабылданған заңдарды халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында осы жылдың 5 қаңтарынан бастап өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесіп жүргенін айтты.

«Өткен жылы Сенат пен Мәжіліс халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашатын 83 заң жобасын қабылдады. Қос палата депутаттары заңнамалық жұмыста Тұңғыш Президент – Елбасының әлеуметтік стратегиялық бастамалары мен Президенттің халықты қолдауға арналған тапсырмаларын негізге алды. Ең бастысы қабылданған барлық құжат азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды», - деп атап өтті Сенат спикерінің орынбасары.

Осы күні Б.Бекзанаров кейбір заңнамадағы өзгерістер мен «Педагог мәртебесі туралы» ҚР заңын кеңінен түсіндіру мақсатында қаладағы білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті.

Жаңа заңның артықшылықтарына тоқталған Сенат төрағасының орынбасары құжатта мұғалімдердің кәсіби қызметіндегі құқықтары мен міндеттері егжей-тегжейлі сипатталғанын атап өтті.

Жұмыс сапары барысында депутаттар қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарында болды.