08 қаз, 2016 сағат 10:32

Семейге жасалып жатқан игіліктің бірде-бірі басқа ешбір қалаға жасалған жоқ - Жақсылық Омар

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты акциясы аясында 8-9 қазан күндері Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысы күнері өтеді. Осыған орай бүгін ОКҚ-де Шығыс Қазақтан облысы әкімдігінің баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Баспасөз мәслихаты барысында журналистер сауалына жауап берген өңір басшысының орынбасары Жақсылық Омар Семей қаласының инфрақұрылымына тоқталды.

«Облыс мәртебесінен айырылғын жалғыз қала Семей емес. Торғай, Жезқазған қалалары да облыстық деңгейден түскен. Бірақ «облыс мәртебесінен айырылған» деген сөзге келгенде алдымен тілге оралатыны осы Семей қаласы. Оның себебі де жоқ емес. Семейде ұлт руханиятының қаймақтары, қазақтың әйгілі тұлғалары көп шыққан өңір. Оның сыртында Семей – Алашорданың астанасы болған қала. Және соған орай жастары да патриот» - деген Жақсылық Омар қазіргі таңда атқарылып жатқан нақты істерге тоқталды.

«Тағы бір айрықша айтатын мәселе, өзге Семеймен тағдырлас қалаларға қарағанда Семейдің жағдайы анғұрлым жақсы. Елбасының өзі бұл қалаға айрықша көңіл бөліп отыр. Осы Семейге бола Президентіміз «Семейді дамытудың комплекстік бағдарламасын» қабылдады осыдан 12 жыл бұрын. Соның нәтижесінде Семейге құйылатын қаржының көлемі артты» - дейді әкімнің орынбасары.

Оның айтуына қарағанда биылғы жылыту маусымы бойынша Семейден мәселе туындамауы керек. Сонымен қатар, Жақсылық Омар Семейдегі жол мәселесіне тоқталды.

«Жол мәселесі бір ғана Семейде емес, Өскеменде де жеткілікті. Тіпті бұл мәселе еліміздің барлық өңірінде бар. Дегенмен біз барлық жерде сондай екен деп қарап отырған жоқпыз. Қаржымыздың мүмкіндігіне қарай биыл Семейде 200 шақырымға жуық жолды жөндеуден өткіздік. Алдағы жылы одан да көбейтуді көздеп отырмыз» - дейді Жақсылық Мұқашұлы.

Сонымен қатар, әкімнің орынбасары былтырдан бері Семей қаласының өзінен түскен салығын өз игілігіне жұмсауды қолға алғандығын айтады. Оның сыртында мемлекеттік тренсперт арқылы облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы тағы бар. Биыл жаздың өзінде қаланы абаттандыруға 280 млн теңге бөлінген.