26 сәу, 2018 сағат 08:30

Семейдегі су тасқыны. "Үйімізге қайтқымыз келеді..."

Семейде тасқын судың салдарынан үйлерін тастап шыққан отбасылар «Семей» қонақ үйін әлі де паналап жатыр. Жергілікті атқарушы биліктің баспана мәселесін не бүк, не шік ете алмай, тағаттарын тауысқанына ызалы жұрттың бірқатарымен арнайы барып тілдесіп қайтқанда, қала әкімі Сәлімов бастаған шенділердің олардың ары қарайғы тағдырына немқұрайлы қарайтынына көзіміз жетті. Расында да ер-азаматы жұмысына өзінің  ошағынан емес, күнделікті қонақ үйден аттанып жүргені қайбір жетіскен тірлік еді?! Одан қалса, бірі арбаға таңылған мүгедек, енді бірі қырқынан жаңа шыққан сәбиін құшақтап әрбір күніне алаңдап отырғанда әкімқараларға деген наразылықтары күшеймгенде қайтсін?!

Мәселен, қонақүйдің үшінші қабатында тұрып жатқан жалғызбасты ана Зәуреш Әубәкірова Бобровка кентіндегі үйіне енді қашан ораларын білмей дал болып отыр.

- Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Астанада жұмыс істеп жүрген қызымнан көрген екі немеремді бағып, күніме тәуба айтып жүргенде бір-ақ сәтте су жайылып, үйіміздің быт-шыты шықты. Төтеншеліктер осында әкеп үлгерді. Бір немеремді қызым алып кеткен, біреуі осындағы мектепте сабаққа барып келіп жүр. Енді мамыр айында қызым жұмысын тастап, амалсыз келгелі отыр. Бірақ, қайда барып тұрарымызды білмейміз. Саяжайды сатып алып, кәдімгі үйге айналдырғанымызға екі-үш жыл енді болды. Еңбегіміз еш кетті, үйіміз енді тұруға жарамайды. Кезекте тұрған үйіме де қолым жетер түрі жоқ. Біздің Бобровка кентіндегілердің барлығы саяжайдан үй салғандар. Қаланың әкімі бізге келіп жиын өткізгенде «дачный массив» болып саналатындықтан, үй салып бере алмайтындықтарын айтты. Біз не сонда, саяжайлы аймақта тұратынымыз үшін кінәліміз бе? Үй салып бермесе де зардап шеккендіктен белгілі мөлшерде қаражат беруге тиіс қой. Әкімнің құрылыс компаниялары арқылы үйлеріңді жөндеп береміз дегені қай сасқаны? Үйіміз жөндеуге келмейтінін айтсақ, ұғып түсінгісі келмейді. Қаржы жоқтығын айтып, одан сайын жанымызды күйдіріп отыр.

Зейнеткер ананың күйініп айтатын жөні бар. Қала әкімі Ермак Сәлімов таяуда Бобровкадағы №44 мектептегі тұрғындармен кездескенде саяжайда тұруы себепті жаңа баспанамен қамти алмайтындығын жасырмай айтқан болатын. Әкімнің айтуынша, саяжай қала аумағына кірмейді екен. Қала аумағына кірмейтін болса, онда әкім несіне барып жүр? Әкімнің Бобровка көз алдында басқа ауданға қарап кеткендей сөйлегені тығырыққа тірелген тұрғындардың одан бетер ашу-ызасын тудырып отыр.

«Біз қорлар мен бизнес есебінен сіздердің тұрғын үйлеріңізді қалпына келтіру мен  жөндеу жұмыстарын жасау үшін басқа да мүмкіндіктерді табамыз» деген Е. Сәлімовтің бобровкалықтарға айтқан сөзі де (Семей қаласы әкімдігінің әлеуметтік желіде жариялаған видеосынан алынды-авт) күндерін қонақ үйде өткізіп жатқан жұрттың жанына жұбаныш бола алмай тұр.

Бобровканың тағы бір тұрғыны, жастық оты алаулап тұрған шағында құрылыста жарақат алып, мүгедектік арбасына отыруға мәжбүр болған жас азамат Дархан Мақашовтың жанайқайын естігенде кірерге тесік таппайсың.

- Су басқан кезде әкімдіктің көрсеткен көмегі – осы қонақұйге орналастырғаны. Ал баспана туралы айтар болсам... Бобровканың 2 саяжайындағы біздің үйдің жарамсыздығын әке-шешемнің әріптестерін айтпағанда, қала әкімінің өзі де келіп көрген болатын. Алғашында қолұшын беретіндіктерін айтып сендіріп кеткен. Баспаналы болуға үмітіміз бар еді. Алайда, әкімнің таяуда өткізген жиналысына қатысып қайтқан анамнан саяжайда тұратындарға үй берілмейтіндігін естігенімізде көңіліміз құлазып кетті. Үш бөлмелі үйде аға-жеңгем балаларымен, мен, қарындасым және әке-шешем бәріміз бірге тұратынбыз. Жаңа баспана берілмейтіні белгілі болды. «Үйлеріңді сылап, жамап-жасқап береміз» дегенінқалай түсінеміз? Тұруға келмейтінін өздері де біледі ғой. Әкім Сәлімов өз көзімен келіп көрді. Басында әкімдіктің адамдары «үйдің кезегінде барсыңдар» депті анама. Кейіннен «кезекте жоқсыңдар» деп шықты. Мұнда жатқанымызға бір ай болды. Қонақ үй қанша тегін тұрсаң да өз баспанаңдай болмайды ғой бәрібір,- дейді Дархан.

Бобровкалықтарды саяжайдан үй салуын желеу етіп, үйге деген үмітін үзген қала әкімінің кәдімгі үйлерде тұрып келгендерді жарылқап жатқаны да шамалы. Қаншама отбасыларды қолдан жарылыс жасап, «астынан су шығарғанына» мысқалдай да қысылмайтын әкімдіктің әрекетіне Ертістің оң жағалауында орналасқан Пристань аумағындағы Краевая көшесінің тұрғыны Алтын Еңбаева да ашулы.

- Сәбиімді кесарево тілігімен алдырып, әрең деп жаным қалып отырғанда қүндақтаулы күйінде үйімнен безіп шығуымызға тура келді. Ішімдегі жіптерім жанға батып, күтім қажет етіп отырған менің күйімнің сол сәтте қандай болғанын баласын кесарь тілігімен алдырған аналар жақсы білер. Жіптерім әлі алынған жоқ. Психологиялық ауыр стресті бастан кешіп жүрмін шынымды айтсам. Мына қонақ үйде қашанғы отырмақпыз?! Жылуды кеше ажыратып тастады. Айзеремді салқын бөлмеде ұстап отырып оның денсаулығына алаңдаймын. Осындай жағдайда отырып, үйімнің ендігі жайы қалай болмақ? Оны  ойлағанда күйеуім екеуіміздің күйісіміз кетеді. Облыс әкімі Даниал Ахметов біздің үйге кіргенде пешіміз құлап жатқан. Қасында тұрған Ермак Сәлімовке: «мына кісілердің үйін жөндеуді пешінен бастаңдар» деп қадап тұрып айтты. Қаланың әкімі ертең кісі жіберетінін айтып басын изеді. Ал содан үш күн бойы тірі жан бас сұқпаған соң, амал жоқ, пешті өзіміз салып алуға тура келді. Сонда Сәлімов Ахметовті жүре тыңдайтын болғаны ма?.. Бізді қаншама БАҚ өкілдері түсіріп те, сұхбат алып та кеткен. Неге екенін білмеймін, бір басылымға баспанамыздың суреті ғана шықты, біз туралы бір ауыз сөз жоқ. Жергілікті телеарна түсіріп әкетті, тағы да біздің жайға келгенде сөзімді қиып тастады. Жергілікті әкімдіктің жұмысындағы салғырттықты айтудан неге сескенеді?-дейді құндақтаулы сәбиін құшағына қысып, жанарынан жас парлаған Алтын.

Бірінің проблемасы бірінен өтетін су басқан аудан тұрғындарының жергілікті атқарушы билдіктен көңілі әбден қалғанын осы көріністер айғақтап тұр. ШҚО әкімі Д. Ахметов бас сұғып, үйін тазалап беріп кете жаздаған Кревая көшесінің тағы бір тұрғыны Сандуғаш Зайкенова да әлі осында паналап жатыр екен. «Жағдай түк те өзгерген жоқ. Әскерилер келіп жиһаздарымызды шығарып берді. Шашылып далада жатыр. Үйдің сызы күннен күнге ұлғайып, ақыры баспанамыз тұруға жарамайтын болып барады. Балалырма азық-түлік сұрап №18 мектепке барғанымда штабтағылар «енді көмек болмайды. Бәрін де Зырянға беріп жібердік» деген соң салым суға кетіп кері қайттым. Басшылардыкінің бәрі  де жауапкершілікті сезінбейді. Қандай күйде, қайда тұрып жатсаң да бәрібір» дейді налыған ана.

Айта берсең таусылмайтын осынау тауқымет семейліктердің басынан жақын арада арылмайтын сыңайлы. Ал арқа сүйегісі келетін жергілікті атқарушы билік өздері быт-шытын шығарған тұрғындарға қол ұшын берудің орнына өктемси сөйлеп, мысқылдай қағытып білгенін істеп жүр.

 Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ