#
#
Сейсенбі 23/10/2018

"Сайлаубек синдромы" немесе оқулық авторлары неден сүрінді?

  • 20.02.2018
  • 0
  • 3156

Қазір әлеуметтік желілерде тәулігіне бір тақырыпты талқыламасақ тұра алмайтын халге жеткеніміз шындық. Мәселен, күні кеше Facebook парақшаларында қазақ тілі пәнінен тесттер жинағындағы өрескел қателік жөніндегі бейнежазба тарап, ғаламтор қолданушыларын дүр сілкінтті. Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылдануға үмітті оқушылар үшін дайындалған аталмыш оқулықты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қазбек Сағидолда мен Сауд Арабия мемлекетіндегі КАУСТ университетінің докторанты Серікболсын Дүйсембай құрастырған.

Жігіттің жасы жиырма беске енді ғана аяқ басқан қос бірдей жас педагог математика, қазақ тілі пәндерінен тесттер, логикалық сұрақтар құрастырумен екі-үш жылдан бері айналысып келеді. Кереку өңірінен шыққан Қазбек пен Серікболсын өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарап, ұқыптылықты өзгеден бұрын өздерінен талап етіп үйренген. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын әрі туған елінің тіліне, болашағына бей-жай қарамайтын  мұндай жас мамандардың құрастырған жинағынан «МС Сайлаубекке» қатысты сауалдың табылуы басында бәрімізді де абдыратып жібергені жасырын емес. Дегенмен, әлеуметтік желідегі қолданушылар секілді бірден дүрлікпей, себебін анықтап, ақиқатқа көз жеткізуге тырыстық. Мәселенің байыбына бармай тұрып, бәзбіреулер секілді оған баға бере салуды кәсібімізге сын деп түсіндік. Сөйтіп, оқулықты құрастырушылардың бірі Қазбек Сағидолданы сөзге тартудың сәті түсті.

- Қазбек мырза, мынаны айтыңызшы, мұндай қателікке қалайша жол беріп жүрсіздер?

- Алғаш осы жинағымызды шығармақ болғанда әртүрлі тест тапсырмаларын қарастырдық, білім беру орталықтарынан тесттер алдық. Сөйтіп, сан алуан нұсқаларды салыстырдық, арасында «әлгі сұрақ» та болды. Біз дайын мәтіндерге, сұрақтарға қарап өз тесттерімізді құрастыра бастадық. Дәл осы мәтіні бар нұсқа біздің компьютерімізде былтыр да бар еді, алайда, оны жарыққа шығару деген ойымызда мүлде болмаған-тын. Сол себепті де былтырғы басылымда бұл мәтін жоқ. Биылғы басылымға нұсқаларымызды жаңартқан кезде жаңағы мәтін мен сұрақ кіріп кеткен. Өкінішке қарай, дер кезінде байқамай қалыппыз.

- Сонда сіздер құрастырған оқулықтарды ешкім тексермей ме?

- Біздің кітаптарымыз ресми түрде оқулық ретінде саналмайды. Тек қосымша дайындық құралы болғандықтан оны өзімізден басқа ешкім тексермейді.

Дәл осы «сұрақтың» абайсызда кетіп қалғанын кітап баспадан шыққанда байқадыңыздар ма, əлде тұтынушылар хабарласты ма?

 -Ұмытпасам, 16 қаңтар күні Шымкент қаласынан Жомарт есімді ағамыз хабарласып, кітапта осындай мәтіннің жүргенін айтып, өкпесін білдірді. Біз жіберген қателігіміз үшін кешірім сұрап, мәтін мен сауалды келесі басылымнан алып үлгердік. Әйтпесе, ол да баспаға кетейін деп тұрған болатын.

- Аталмыш сұрақ кездесетін нұсқаның  қанша данасы таралып кетті? Сосын бұл сұрақ қандай сауалмен алмастырылды?

100 данамен таралды. Кейінгі басылымда бұл мәтін есепшот туралы сауалмен алмастырылды.

- Әлеуметтік желілердегі сын-пікірлерді қалай қабылдадыңыз?

Әрине, оңай тиді деп айта алмаймын. Дегенмен, бұл – біз үшін үлкен сабақ болды.  Келесіде мұндай өрескел қателікті жібермеуге тырысамыз. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» демекші, бұдан кейін оқулықтарға асқан ұқыптылықпен қараймыз деп уәде береміз.

- Біз де соған тілекшіміз. Жұмыстарыңыз алға баса берсін!

P.S. Мінеки, құрметті оқырман, қателік деген осы екен деп кімді болсын жөнсіз сынай беруге болмайтынына көз жеткізгендейміз. Бұған дейін ешбір ата-ананың не оқушылардың сынына ұшырап көрмеген жас педагогтардың өрескел қателік жіберудегі бізге беймәлім тұстарын өздерінен сұрап білдік. Біздікі – ақиқатын анықтау, ал, оны оң не теріс түсіну – өз еркіңізде!

Сұқбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Ұлт порталы

Ұқсас жазбалар:

Назарбаев мектебіне түсу үшін MC Сайлаубек туралы сынақ тапсыру керек пе? (видео)

Ақталу үшін де, мақтану үшін де жазып отырған жоқпын...

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар