16 мам, 2019 сағат 11:35

Сайлау күні елордада мобильді ХКО-лар жұмыс істейді

Елордадағы Оқушылар сарайында алдағы президенттік сайлауды ұйымдастырушыларға және дауыс беру процесіне қатысушыларға арналған семинар өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, семинарға аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, сот, төтенше жағдай жөніндегі басқарма өкілдері қатысты.

Белгілі болғандай, дауыс берушілер тізімінен өзін таппаған азаматтар үшін мобильді Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейтін болады.

«Әр сайлау учаскесінде телефон, ғаламтор және Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) үшін мобильді байланыс операторларының жеке желісі сияқты байланыс құралдары орнатылады. Бұл жолғы сайлаудағы жаңалықтың бірі - 204 сайлау учаскесінде халыққа мекенжайлық анықтамалар беретін мобильді Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) ашылады. Сайлаушылардың белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылатын мобильді ХҚКО 2019 жылдың 1 маусымында тестілеу тәртібінде іске қосылады», - делінген ақпаратта.

«Әрбір ашық учаскеде дауыс беруге арналған 4 стандартты кабина және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 1 кабина орнатылған. Жабық сайлау учаскелері 2 стандартты кабинамен және қажетіне қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кабиналармен жабдықталады. Сондықтан жабық сайлау учаскелеріндегі комиссия төрағаларынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кабинаға өтінімдер жолдауды сұраймын», - деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов.

Барлық учаскелерді толық материалдық-техникалық жағынан жарақтандыру жұмыстары 20 мамырға дейін аяқталады.

«Жұмыс барысында 238 учаскеде 17 пандустың жоқ екендігін анықтадық. Бұл кемшіліктерді жою үшін арнайы мамандандырылған компанияны тарттық. Бұл жерде біз қайырымдылық іс емес, мүгедектердің қоғамның толыққанды мүшесі ретіндегі заңды құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеміз. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған қолайлы ортаны құруда елорда өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс», - деп мәлімдеді Ерлан Қаналимов.