27 сәу, 2019 сағат 11:08

Сайлау-2019: Кандидат Төлеутай Рахымбеков мемлекеттік тілді білу сынағынан өтті

ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия аталмыш лауазымға үміткер Төлеутай Рахымбековтың емтихан нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2019 жылдың 26 сәуірінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес, Төлеутай Рахымбеков «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ОСК-ға құжаттарын ұсынған.

«Лингвистикалық комиссияның кезекті отырысында ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай Сатайұлы Рахымбеков сынақ тапсырды. Әдеттегідей жазылым, оқылым, айтылым бойынша үміткер үш тапсырманы орындады. Жазбаша жұмысында оған «Біздің күшіміз - бірлікте» тақырыбы түсті. Оған үміткер байыппен бір сағаттай дайындалды және өзінің мемлекеттік тілді жоғары меңгергендігін көрсетті. Екінші оқылым бойынша - Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» таңдап, комиссия мүшелерін қуантты. Себебі, бұл ең басты әрі ең қиын тапсырмалардың бірі еді. Үшінші кезеңде кандидат «Елорда - тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында сөз сөйледі», - деп атап өтті комиссия мүшесі Ерден Қажыбек ОСК-да өткен брифингте.

Осы үш тапсырманы орындау барысында үміткер мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергендігін көрсеткен.

«Жазылымда емледен техникалық қателері болды, бірақ оны аса маңызды емес деп есептейміз. Стилі, сөз саптауы, сауаттылығы жағынан Төлеутай Сатайұлы Рахымбеков бірауыздан мемлекеттік тілді толық меңгерген деген баға алды», - деді комиссия мүшесі.

Т. Рахымбеков 1964 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде туған. 1986 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша үздік бітірген. 1992 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық ауыл шаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын тәмамдаған. 2001 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін  заңгер мамандығы бойынша бітірген. 2005 жылы Экономика ғылымдарының докторы атанған.

Еңбек жолын 1986 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының кіші ғылыми қызметкері, аспиранты болып бастаған. Және әр жылдары ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол, өндіріс, ғылым салаларында тәжірибе жинақтаған.