03 мау, 2019 сағат 09:06

Сайлау-2019: Алғаш рет дауыс беретін астаналықтар сыйлық алады

9 маусымда өтетін президенттік сайлауда алғаш рет дауыс беретін елорда тұрғындары естелік сыйлықтар алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінен мәлім еткендей, биыл 18 жасқа толған 34 мыңнан астам астаналық ҚР Президенті сайлауында алғаш рет дауыс береді. Олар үшін сайлау учаскелерінде сыйлықтар дайындалған. Сондай-ақ 9 маусым күні туған күн мерекелерін атап өтетін қала тұрғындары құралақан қалмайды. Оларға жеңіл жейде, кепка, кружка және басқа да көптеген сыйлықтар тапсырылады.

«Сайлауға қатысуға қалалықтарды барынша тарту мақсатында әлеуметтік желілерде «Ел жүрегі - Нұр-Сұлтан!» атты арнайы имидждік жоба іске қосылды. 9 маусымда елорда әкімдігі қоғамдық көліктерде тегін жол жүруді қамтамасыз ететін болады», - делінген әкімдік хабарламасында.

Нұр-Сұлтанда 18 жасқа толған 34 366 азамат алғаш рет дауыс беретіні бұған дейін хабарланған болатын. Қала әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимовтің айтуынша, сайлаушылардың тізімі бұл күнде нақтыланып қойған.

Елордада барлығы 239 сайлау учаскесі құрылған. Азаматтар өз сайлау учаскесіне қатысты мәліметті «іКomek» қызметінің «109» нөмірі, «Smart Astana» мобильдік қосымшасы, Telegram-дағы @smartastana_bot чат-боты және әкімдік сайтындағы сілтеме арқылы таба алады. Сайлаушылар тізіміне қосылу үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты немесе уақытша тіркелу шарт.