27 жел, 2016 сағат 09:07

"Саяжайда халқың бар, Оны неге көрмейсің!"

Саяжай - Совет одағы кезінде қаладағы қолы жеткенде ғана болатын. Ол бір жазғы демалысқа, жеміс-жидек егіп, соның қызығын көруге арналған дүние сияқты еді.

Ал, қазір саяжай деген - қалаға енді көшіп келген қазақтың қонысы. Құтты қонысы, жайлы жұрты деуге келмейді. Басқа баспанасы, тұратын тұрағы жоқ ағайынның ірге тепкен жері. Қазақтың қалалық ұлт болуға деген ұмтылысын, урбанизацияны реттемеген өкіметтің жіберген кемшілігі. Соған қарамай, Ұлтық экономика вице-министрі саяжайлардың мәртебесін (статусын) ауылдың, қаланың деңгейімен шендестірмейміз деді. Бір депутаттың сауалына осындай жауап ашық айтылды.

Ол не деген сөз? Ол саяжай жарық, су, жол, аурухана, мектеп т.б. мәселесін өзі шешсін, қайтіп шешсе, өйтіп шешсін, біздің шаруамыз жоқ деген сөз. Ондай заңдық статусы төмен жайдың сүріліп тастауы да, кез-келген дүниеден қағылып тастауы да оңай. Іздеуі, сұрауы болмайды. ИЖС емес жерге үй салып алған өзінен көрсін деген осы.

Алматының маңындағы Шамалған бекеті жақ, Талғардың етек жағы, Тараздың Айша бибі жағы, Семейдің "Восточныйы" т.с.с кете береді. Қаланы жағалай қонған ел. Тіркеуі жоқ, салған үйінің құжаты шала, балабақша - елес. Ал, Ақтөбеде 30 мың адам осындай саяжайда тұрады екен. Санаққа енбепті. Полицей мен Жедел жәрдем бармайды. Бұны облыс әкімі Б.Сапарбаев айтып отыр. Сөзбе сөз әңгімесі былай: "Дачада тәртіп жоқ. Біз тәртіп орнатуымыз керек. Сондықтан біз тексеру жүргіздік.

Отыз мыңнан аса адам есепте жоқ, білесіздер ме? 30 000-нан аса адам есепте жоқ. Қазір оның бәрін біз қарап жатырмыз. Дачаның бәрін біз заңға сәйкестендіреміз. Сосын барып ол жерде жол, жарық, су болады". Ақтөбеде осылай болса, Шымкент пен Петропавлда да осы жағдай. Бүкіл елдегі мәселе осы. Бірақ, Сапарбаевтың басқа әкім-қаралардан бір артықшылығы осыны шешу керек деп отыр. Әйтпесе, ысыра салуға болатын-ақ еді. Енді тек, осы дүрмекпен, әбден қордаланған мәселені жалпы ел болып шешудің жолын қарастыру керек. Өйткені, Үкімет деңгейінде шешілмесе, әкімнің шешімі уақытша ғана, жартылай ғана шешім болып қалуы мүмкін. Үкіметке "Саяжайда халқың бар, Оны неге көрмейсің!" дейтін кез келді.

Болат Мүрсәлім