06 қыр, 2019 сағат 11:07

Саясат Нұрбек: Қос министрлік адам капиталын бірлесіп дамыта алмай отыр

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында сөз алған саясаттанушы Саясат Нұрбек елде тиімсіз жұмыспен қамту белең алғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".  

«Біздегі Білім және ғылым министрілігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі адам капиталын бірлесіп дамыта алмай отыр. Бірінші мәселе – білімге деген жаппай сұраныс жоқ. Жалпы ішкі өнімнің түсіп кеткеніне қарамастан, бізде тиімсіз жұмыс орындары сақталуда. Білім беру жүйесі білім экономикасының мамандарын әлі күнге дайындамай отыр. Жоғары білімнің бұқаралық сипат алып кеткенін Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында да көтерді. Жоғары білімнің бұл мәселесіне енді ғана жүйелі қарап жатырмыз. Сөйте тұра, білім беру жүйесі бизнеске құлақ аспайды. Жұмыс берушілердің 91 пайызы түлектердің практикалық білімі мен машығы жоқ екенін айтуда. Диплом иелерінің жартысына жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. 25 жастан кейін біздің адамдар білім алуды тоқтатады. Біліктілігін арттыруға зер салмайды. «Еңбек кедейлігі» деген түсінік қалыптасты. Мысалы, бізде дәрігер мен көлік жүргізушісінің айлықтарындағы айырмашылық 20 пайыздан аспайды. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш  -  260 пайыз, Германияда 174 пайыз, Бразилияда 172 пайыз. Осылайша, неғұрлым жоғары білікті, шығыны елеулі мамандықтарға сұраныс байқалмай отыр. Бұл - өте күрделі проблема», - деді Саясат Нұрбек.