20 мау, 2017 сағат 14:15

Саян Есжан: "Түн көзінен жылдар үнсіз тамады..."

Танымал жас ақын Саян Есжанның бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.

КӨНЕ САРАЙШЫҚ 

Сыр шертіп тұрғандай-ақ далам абыз -
Құмынан толғайтындай заман аңыз.
...Бағзы бір ғасырлардың сөзін сөйлеп,
Жайыққа қонды тағы сарыала күз.

Дерегін оның Уақыт, Жел біледі,
Əулиеағаш басындағы ел біледі.
Қасымның қасқа жолын жырмен өріп,
Иллаһи нұрға ғажап сендіреді.

Ақ Жайық, 
қанды Жайық не көрмеген,
Жағаңнан Өмір көрем, Өлең көрем.
Өткеннің өзін көрем толқыныңнан,
Сəт сайын толқып ағып, төмендеген.

Сөйлейтін күй тілінде абат қырдың,
Селеуін жүрегіммен тарап тұрмын.
Көшкен құм - тарихым ол тереңдегі
Жұтылған жанарына манат түннің.

Байсын ел, байырғы жұрт, ай-хай далам,
Мəңгілік өтсе-дағы қартаймаған.
Басынан осы жұрттың бақ таймаған,
Тасының өзінен де əр таймаған.

...Шіркін-ай, абыз далам, аңыз далам,
Көз жасын кім бар Сен деп ағызбаған?!
Тəңірдің ең бір көркем қолтаңбасы -
Таралған тоғыз арнаң - тоғыз ғалам.

...Жайық-ау, көздің мөлдір кəусарындай,
Жүре алман сені сүймей һəм сағынбай.
Бұл Өлең - Жан көзінің бір тамшысы
Төгілген көрген мезет барша құмды-ай...

2016

СЕКЕР КӨЛ

Жел кеміріп басқан қадам, əр ізді,
Сол сəт Уақыт тоқтап қалған тəрізді.
Тағдырымның жазуындай құпия
Сипап тұрып көмескілеу бəдізді 
Шын деп ұқтым, жұрт сенбейтін аңызды.
"Аққу көлдің" жарқыраған айнасы,
Жұмақ күнің қайда осы?
Мыңжылдықтар тіл қатқандай құмыңнан,
Əлкей шалдың тиген сəтте қайласы.
Қайран, Тарих!..
Біздер сенен нені ұқтық?
Қайран қалдық, сүйсіндік һəм зеріктік.
"...Алтын дəуір - біз көрмеген тұнықтық,
Алтын қайық - біз көрмеген беріктік."
Сыр ашпайды ұлы Жайық арнасы,
Сыр дегенің - көмілген-ді жарда осы.
Көбік атып, толқын сүйген арнаңда
Қалды дейсің тарихыңның ал, несі?
Сөзіне өзі айналған-ды ол Дəуірдің,
Зілінен де құламаған кəуірдің.
Мына дала - өткеніңнің жазбасы,
Қаламымен өрнектелген Тəңірдің.
"...Алтын қайық, аққу көл...
һəм бəрі аңыз" -
Деп сенген ел, біз де соған нанамыз.
Жайық түгілі сансыз ғұмыр көшірген,
"Бұл жер беті - біздің ортақ моламыз."
...Жел жұтады күнде келген əр ізді,
Жұтқан жəне біздер сенген аңызды.
Тағдырымның жазуындай оқылмас,
Сипап тұрмын əлі сол бір бəдізді.

ӨЗГЕ АЛМАТЫ 

Сол Алматы... сол көше, 
мөлдір аспан, 
Жапырақтар желменен салғыласқан. 
Бәрі-бәрі аяулы һәм баянды 
Өтпейтіндей бұл ғұмыр мәңгі бастан.

(Көшелерде, жолдарда, даңғылдарда әр, 
Өмір қалған, мыңдаған тағдыр қалған.)

Бәрі-бәрі мен үшін сондай ыстық, 
Есінеген ессіз жел тамбурлардан. 
Сол саябақ...оранған сұр тұманға, 
Жалғыздық па, жанында кіл күмән ба?!

 Қол бұлғап шақырады үнсіздікте, 
Барғым жоқ, барғысы жоқ ырқым онда. 

Қайран, қалам! 
Мекені әр жалғыздың, 
Жүрекке көміп мұңын салған күздің. 
Сыңсыған гитараның өксігіндей 
Шері боп бақта жалғыз қалған қыздың. 

Сен жайлы ел біледі, мен не білем, 
Алматы, сен де күрең, мен де күрең. 
Жүректің жасыменен жаным жуып, 
Өткенім дәру болып емделіп ем. 

Көз жасы көкірегіме толып көктің, 
Сендегі әр мезетті желік деппін. 
Жаныма алған әрбір қуанышты, 
Жаныңа мәңгілікке көміп кеттім.

2015 

"САЛҚЫН" ФИЛОСОФИЯ

Шөп демінен діріл қаққан ауаны,
Түн демінен күбір еткен даланы,
Оята алған бір ғана Сөз Самалы.
........................................................
Түн көзінен жылдар үнсіз тамады,
Түн көзінен мұң да үнсіз тамады;
Бір ғана Сөз жүректерде оянған - 
Қалады.
Өмір - Өмір.
Шексіз ойдың торабы - 
Тағдыр - тағдыр. 
Жүрілмеген Жол əлі.
- Нені ұғындың, Дүниенің Қонағы?
- Шамалы...

Тек, бір ғана Сөз!..

2015

АЛАҚАНДАҒЫ ЖАЗУ

Сен жайлы жазылған ең көркем сөйлемнің,
Ең көркем жазбаның ішінен,
Жымиысын жып-жылы бейнеңнің
Енді салқын екендігін түсінем.

Сол жырлар - жылдардың жылы естелігі,
Тек, Тағдыр суық.
Сезім тудырған күрестен ұлы
Білемін, 
қалдым сынып.
Өле-өлгенше жадымда тұнып тұрады
Естеліктердің ескі жазбасы.
Ұмытылмайтын сəттерді ұмыттырады
Қоңырқай түннің көз жасы;
Мəңгілік таңбаланар жанымда, 
Өткенім...
Жан дейтін жалғыз қорымда
Жерленген Көктемім.

...тағдырлық ДеЖаВю!

2015

АЙДАЙ 

Күннің қоңыр күрсінісі, Түн демі - 
Бояуы осы бес күннің.
Оның жалғыз білгені - 
Білмейтіні ешкімнің.
P.S:Шексіздікке шақырады Мəңгілік,
Сен сезесің, барлығын.
Уақыттың айнасынан Жан күліп
Жымияды Тағдырың.
Сол айнадан бəрін-бəрін көреміз
Көрмейміз һəм ештеңені -
Сенеміз.
Сенетініміз - Үміт отының өшпегені.
Заңдылығы Түсінік пен Ұғымның
Жүрегімізде бүрлеген.
Біз - Өмір деген түкке татымас Ғұмырдың
Өзі де кірлеген.
Сөздер керуенімен шұбалған
Сөйлемнің айналамыз соңына.
Еркіндіктен де, босаймыз һəм бұғаудан,
соңыра.
Тартылыс күшінен ауырлау,
Бір сезім оянар жадтағы.
Өмірдің өзіндей жауырлау - 
Сол бір сəт - бар бəрі, жоқ бəрі.
Мазмұнсыз тірліктің өзінен
Жарылар бір Əлем.
...Əлемнің мөлт етіп көзінен
Мен сонда шығар ем.

***

Есіл,
Бүгін Сен де мұңлық, Мен мұңлық 
Қарашаның қара аспанын шер, мұң ғып...
Қоңыр бақта қол ұстасып Күзбенен
Өмір мәнін тең білдік.
Еңсені езсе ауыр ойлар салмағы,
Қай үміттің бастар бізді жолдары?!
...Сен күрсінсең – көзің салып Аспанға,
Мен күрсінсем – еске аламын Алланы.
Есіл, Есіл...
Тағдырымыз бір біздің,
Тар арнаға мен де өзімді бұрғыздым.
Жанның жалғыз мейіріміне шөлдеген
Жанымызды ұғар сірә, кім біздің?!
...Қала жатыр – тұнжыраған, күрсінген,
Дала жатыр – көкірегіне мұң сіңген.
Қалқатайдың қарашығы секілді
Қарашығыма түн сіңген.
Қоңыр бақта қоңыр күз тұр, торығып,
Арқа сүйеп, Жел жылайды егіліп.
...Қайран, Есіл!
Жалғыздықтар мекені –
Қайран, Есіл...көп өкініш, көп үміт...

2015

***

Мен ақиқат таба алмадым өзімнен, 
Еш жұбаныш таба алмадым сезімнен. 
Көк аспанның күрсінісі секілді 
Түн тамшылап жатқан шақта көзімнен. 

Мен мезгілдің сезінемін ырғағын, 
Мен Уақыттың сезінемін мұңдарын. 
Мен түсінем, соның бәрін түсінем, 
Сені ғана түсіне алмай тұрғаным. 

Біздің тағдыр, мүмкін өмір – Ақ өлең, 
Сиқырлы әуен тамшылаған әуеден. 
Мендік үміт Құлагердей жүйіткіп, 
Табылмаған мәреден. 

Қанша күндер, қанша түндер озды алға, 
Оған сірә, сөз бар ма?! 
Сен не дейсің, мен не деймін білмеймін, 
Не дей алам жазғанға?!

2015

***

Сөнген жұлдыз - көрген түстің баяны -
Баянсыз күн - тіршіліктің аяғы.
Оның мəңгі сөнгені -
Өлгені.
Дəл осылай шексіз ғұмыр бояуы...

Солай болған əуелден,
Сөнген жұлдыз – жан өлген.
Қос жұлдыздың құлағанын көрдім мен
Өткенде һəм бүгінде -
Қош айтысып əлеммен;

...Əлем тағы үнсіздікте...
Өлең...Мен...
Қос жанарым боталап тұр төменнен.

2016  

Саян ЕСЖАН 1991 жылы Ақмола (Көкшетау) облысы Бурабай ауданына қарасты Түлкілі ауылында дүниеге келген. Өлеңдері республикалық мерзімді  басылымдарда жарияланып, туындылары он шақты ұжымдық жыр жинақтарына енген. 2013 жылы Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетін тәмамдаған. 

Ұлт порталы