18 қаз, 2018 сағат 15:40

Сауд Арабиясында жалған салафизмнің уағызшысы «Назратуллах әбу-Мариям» ұсталды

Сауд Арабиясы Корольдігінің құқық қорғау органдары Медина қаласында «Назратуллах әбу-Мариям» деген атпен танылған жалған салафизмнің уағызшысы Назратулла Абдуқадыровты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана Дін проблемаларын зерттеу орталығының сарапшылары берген мәліметтерге қарағанда, «Назратуллах әбу-Мариям» ұзақ уақыт бойы Интернетте жалған салафизмді уағыздаумен айналысқан. Сауд Арабиясында жүріп ҚР және ТМД мемлекеттері азаматтарының арасында заңға қайшы, жергілікті жамағатқа бүлдіргіш ықпалы бар уағыздар жүргізген.

«Бұл адам деструктивті идеологияны жақтаған Сауд Арабиясында жүріп,  өзімен наным-сенімі бір адамдар арқылы Қазақстанда соқыр діни көзқарастарын белсенді түрде таратып, үгіттеген.

Оның «қасиетті жерде» ұсталуы заңды оқиға болды. Бұл жағдай Сауд Арабиясы Корольдігі прогресшіл Исламды ұстана отырып, басқа мұсылман елдерімен орнатылған қарым-қатынастарды бағалайтынын дәлелдейді.

Бұрын дінаралық араздық тудыратын уағыздар таратқан Әбдухалил Әбдужаббаровтың (шейх «Халил») ұсталып, Қазақстанға берілуі де осының айғағы», - дейді орталық мамандары.