30 қыр, 2019 сағат 09:39

Сарыағашта із-түзсіз жоғалып кеткен зейнеткердің мәйіті көршісінің үйінен табылды

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында төрт ай бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен зейнеткердің мәйіті табылды. Егде жастағы әжейді көршісі өлгенше ұрып-соғып, денесін өз үйінің ауласына көміп тастағаны анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, зейнеткердің өлімі бойынша қылмысты анықтауға туыстарының арызы негіз болған. Олар осы жылдың маусым айында полицияға Сарыағаш ауданының бір ауылында тұратын анасы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін көрсеткен. Аталған жайт полиция бөлімінің СДТБТ-ға тіркеліп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген.

Полиция бөлімінен криминалдық полиция мен тергеудің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, жоғалған зейнеткерді іздестіру жұмыстарына криминалистер мен учаскелік инспекторлары да жұмылдырылған.

Жоғалған әйелдің жалғыз тұратынын ескерген жедел уәкілдер оның барлық таныстарын, сондай-ақ соңғы уақытта кімдермен қарым-қатынас жасағанын анықтаған. Нәтижесінде қарт ананың кісі өлтірудің құрбаны болуы мүмкін деген болжам да жасалған. Тек төрт айдан кейін ғана криминалдық полиция қызметкерлері зейнеткердің жоғалуына қатысы бар күдіктінің ізіне түсті. Ол жәбірленушінің көршісі болып шықты.

«Күдікті зейнеткермен көрші үйде тұрған, Қазығұрт ауданының тұрғыны екені анықталды. Оның сөзінше, зейнеткер әйел екеуінің арасында қарыз салдарынан жанжал туындаған. Жанжал барысында күдікті әйелді өлгенше ұрып-соғып, денесін өз үйінің ауласына көміп тастаған. Полиция қызметкерлері із-түзсіз жоғалған адамның мәйітін көмілген жерінен тауып, оны сараптамаға жіберді.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Полиция қызметкерлері болған қылмыстың барлық мән-жайын анықтауда», делінген хабарламада.