05 қаз, 2018 сағат 15:24

Сәрсенбай Еңсегенов. Дамудың даңғыл жолы

Елбасының биылғы Жолдауы да елдің экономикалық дамуына және Қазақстан халқының тұрмысы мен әл-ауқтының артуына байланысты келелі мәселелерді қамтып отыр. Айтылған мәселелердің бәрі аса маңызды. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе, ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселелері көңілге қуаныш ұялатады. Себебі, халқымыздың 40 пайызынан астамы ауылдық жерде тұрады десек, соның ішінде ел экономикасының үлкен бір саласы – балық шаруашылығы. Қазіргі кезде балық өнімдерін өңдеу шаруашылықтарын дамыту керек. Себебі, балық өнімдері экспортқа шығарылады, оған шет елдерде сұнраныс жоғары.

Президенттің бүгінгі Жолдауында айтылған бастамалардың қаржымен негізделуі ауылдық жердегі шағын кәсіпорындарды, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге үлкен серпін береді деген ойдамын.

Тағы бір үлкен мәселе – ішкі туризмді дамыту. Елімізде оның мүмкіндіктері зор болғанымен, біз оның әлеуетін, өкінішке орай, әлі толық пайдалана алмай отырмыз. Шетелдіктер еліміздің әр аймағындағы сұлу табиғатта демалғысы келеді. Мысалы, тек Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының шекарасындағы Еділ өзенінің Каспийге құяр сағасына  Еуропадан, Германиядан, Франциядан, Голландиядан аңшылар келеді. Бүкіл Ресейдің балықшылары келеді. Неге осыны одан әрі дамытпасқа? Бұл қосымша жұмыс орны, мемлекетке қосымша кіріс болар еді.

Тағы бір үлкен мәселе – бұл әлеуметтік сала. Жолдауда Елбасы мемлекеттің, үкіметтің жұмысы негізгі үш бағытта жүруі керек, әлеуметтік сала, инфрақұрылым, қауіпсіздік мәселесі деді. Сондықтан, келесі жылдан бастап, төменгі еңбекақы мөлшерінің 20 пайызға өсуі халықтың күтіп жүрген мәселесі. 1,5 миллионға жуық адамның еңбекақысы келесі жылдан бастап өссе, оның үш жүз мыңға жуығы мемлекеттік қызметшілер. Әсіресе, кәсіби өтілі аз, жаңадан қызметін бастаған мамандар үшін бұл өте үлкен қолдау болады деп ойлаймын.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,

Парламент Сенатының депутаты