25 мау, 2019 сағат 13:14

Сапарбаев: Кейбір отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлеуді тоқтатамыз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік жәрдемақыны заңсыз алатындардың жазаға тартылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, үйде жұмысқа қабілеті бар адам болса, міндетті түрде жұмыс істеуі керек. Осыған байланысты мемлекеттен жәрдемақы алатын азаматтармен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Оған сәйкес, белгілі бір уақыттың ішінде жұмысқа қабілетті отбасы мүшелеріне жұмыс ұсынылады. Сол бойынша жұмысқа тұру қажет. Алайда мемлекеттік жәрдемақы алғысы келетін ерлі-зайыптылар ажыраса салады. Сөйтіп, төмен табысты көрсетуге тырысады.

"Бүгінде ерлі-зайыптылар төмен табысты көрсету үшін ажырасады. Күйеуім жоқ, алимент төлемейді, мен өзім жұмыс істемеймін дейді. Негізінде, біз олардың бірге тұратынын білеміз. Мен күйеуің бар ғой десем, ол анда-санда келіп-кетіп тұрады дейді. Ол келіп-кетіп тұрса, ақша беруі керек қой. Өзінің баласына ақша бермей ме?", - деді Сапарбаев журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, ажырасудың көрсеткіші 7 процентке артқан. Осыған байланысты құзіретті мемлекеттік органдармен бірлескен тексеріс жұмыстары басталып кетті.

"Ондай отбасыларға қатысты міндетті түрде шара қолданылады. Айыппұл да болады. Атаулы әлеуметтік көмекті төлеуді тоқтатамыз. Осы сияқты шаралар қолға алынады", - деді Сапарбаев.

Айта кетсек, биыл сәуір айының басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған заңға қол қойған болатын. Аталған құжатқа сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек берудің межесі көтеріліп отыр. Енді, ай сайынғы табысы күнкөріс деңгейінің 70 процентіне жетпейтін отбасылар әрбір балаға 20 789 көлемінде жәрдемақы алады. Бұдан бөлек, ата-анасына табыс пен күнкөрістің айырмашылығы төленеді. Аталған төлемдер 1 шілдеден бастап беріледі.

24 маусым Ақордада халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиында Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмек көрсету кезінде заңбұзушылықтар, тіпті, алаяқтық жолдар да анықталғанын жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саладағы теріс әрекеттерді жою үшін еңбек және әлеуметтік қорғау министріне атаулы әлеуметтік көмектің берілу тәртібін реттеу жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.