23 там, 2019 сағат 14:44

Сапарбаев: Мен үнемі ашық болдым

Жақында ғана Үкімет басшысының орынбасары болып тағайындалған  Бердібек Сапарбаев халық пен БАҚ-қа ашық болуға уәде берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сапарбаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақтауын қалай қабылдағанын айтты

"Әрине, кез келген адамға ұнайды. Әрі қарай бұдан да жақсы жұмыс істеуге жігерлендіреді", - деді Сапарбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатынан кейін.

Ол вице-премьер қызметінде де халық пен БАҚ-қа ашық болатынын айтты.

"Жаңа қызметіме кіріскеніме үш-ақ күн болды, бірақ бүгін сіздермен кездесіп отырмын. Бұл - менің ашықтығымның алғашқы дәлелі. Мен үнемі ашық болдым, солай қала беремін, БАҚ өкілдерімен де кездесіп тұрамын", - деп уәде берді Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетсек, Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерді халыққа жақын болуға шақырып, оларға Бердібек Сапарбаевты үлгі еткен еді. Елбасы әр жылдары төрт облысты басқарған Сапарбаевты Үкіметтегі жаңа қызметімен құттықтады.

Бердібек Сапарбаев осы жылдың ақпан айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған еді. Сапарбаев ведомство тізгінін елде көпбалалы аналардың наразылығы күшейген тұста қолға алды. Бұған дейін Ақтөбе облысын басқарды.

20 тамызда Қазақстан президенті Сапарбаевты Үкімет басшысының орынбасары қызметіне тағайындады.