17 қаз, 2018 сағат 14:45

Санкт-Петерборда Әлиханға ескерткіш тақта орнатылмақ

Санкт-Петербург мемлекеттік орман-техникалық университетінің Ғылыми кеңесі бас ғимаратына Алаш көсемі Əлихан Бөкейхановқа естелік тақта орнатылатын болды.

Бұл ұсынысты, яғни ескерткіш тақта орнатуды «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған парламенттік фракция ұсынып, аталмыш Университеттің ректорына арнайы хат жолдаған болатын. Нәтижесінде осындай сәтті де, қуанышты шешім қабылданды.

Одан бөлек партия ұлт көсемінің қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын өткізген Мәскеудегі Б. Кисловский орамы, 4 үйі мен Самара қаласындағы 1909-1917 жылдары тұрған Казанская көшесі, 32 үйіне де естелік тақта орнату ісін де қолға алып отыр.

«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жуырда бұл игілікті іске байланысты Азат Перуашев Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Иманғали Тасмағамбетовке арнайы хат жолдады.

«Ақ жолдың» осындай жүйелі ұсыныстары мен нақты істерінің арқасында бүгін таңертең Санкт-Петербордан қуанышты хабар келіп жетті. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 1890-1894 жылдары оқып бітірген бұрынғы Императорлық Орман институты, қазіргі Санкт-Петербор мемлекеттік орман-техникалық университетінің Ғылыми кеңесі бас ғимаратының маңдайшасына өзінің даңқты түлегі, 2015 жылы ЮНЕСКО «Бүкіл әлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп жариялаған Әлихан Бөкейхан туралы естелік тақта орнату туралы партияның ұсынысын басым дауыспен қолдап (27 дауыс қолдады, 7 дауыс қарсы, 5 дауыс қалыс қалды), игілікті шешім қабылдады.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас Консулы Болат Иманбаевпен байланысқа шығып, бұл жөнінде ақпарат алған едік.

Бас консул: «Дауыс беру кезінде партияның жолдаған ұсынысы басымдықпен қолдау тапты. Енді бұл мәселе Санкт-Петербург Үкіметінің тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі Комиссиясында қаралатын болады. Сондай-ақ, Алаш арысын есте қалдыру тек мұнымен бітпейді. Алдағы уақытта Санкт-Петербор мемлекеттік Орман-техникалық университетінде оқитын үздік қазақстандық студенттерге Әлихан Бөкейхан атындағы стипендия тағайындау туралы мәселе қаралып жатыр», - деп жағымды жаңалығын хабарлады.

Сонымен қатар, бұл істің жүзеге асырылуына үйлестіруші ретінде атсалысқан алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы мен сол институттың түлегі Майкен Әзеновтің еңбегін де атап өткен жөн.

Саналы ғұмырын ұлттық мемлекеттің іргетасын көтеруге сарп еткен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан есімі әрқашанда ардақтауға лайықты.