04 қаз, 2017 сағат 10:13

Санитарлық авиарейстің апатын арнайы комиссия анықтайтын болады

Алматы облысында болған АН-28 ұшағы апатын тексеру мақсатында арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.

«Бүгін ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр басшылығымен комиссия мүшелері авиациялық оқиға орын алған жерге аттанды. Оқиғаның анық-қанығы жақын арада белгілі болады» делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек әуе апатынан қаза тапқан экипаж мүшелері - әуе кемесінің командирі Геннадий Цой, екінші пилот Евгений Кутафин, авиатехник Бейшибек Ахматбаев, Акушерия, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының профессоры, дәрігер акушер-гинеколог Патсаев Талғат Анапиұлы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері Артықбаев Жәнібек Түкенұлының жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтатындығын жеткізді.

Еске салайық, 3 қазан күні Алматы-Шымкент бағытында санитарлық авиарейсін орындаған «АН-28» ұшағы сағат 18:47-де Алматыдан 28 шақырым қашықтықта родардан жоғалып кетті.  Сосын сағат 19.15-те ұшақ Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында апатқа ұшырап, өртенгені хабарланды. Бортта болған 5 адам қаза болды.