04 мау, 2020 сағат 19:11

«Самұрық-Қазына» табысы 167 млрд теңгеге дейін төмендейді

Биыл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының таза табысы 1,2 трлн теңгеден 167 млрд теңгеге дейін қысқарады. Бұл туралы аталған қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемдік экономикада орын алған рецессия мен қауіпті індеттің кеңінен таралуы қор тобына кіретін компаниялардың ағымдағы жұмысына айтарлықтай әсерін тигізді. Осыған орай компаниялардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданып, іске асырылып жатыр. COVID-19 індеті, мұнай бағасының төмендеуі, ұлттық валюта бағамының құлдырауы өзінің теріс әсерін де тигізіп отыр. Биыл қордың таза табысы 1,2 трлн теңгеден 167 млрд теңгеге дейін төмендемек. Әсіресе, «ҚазМұнайГаз» таза кірісінің 8,4 пайызынан қағылатындығы күтіледі. Әуе және темір жол жолаушылары ағының көлемі 40 пайызға дейін азаймақ», - деді Ахметжан Есімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен қорды басқару жөніндегі кеңесте. 

Осы орайда Ахметжан Есімов қордың өткен жылғы жылдық есебін Елбасына таныстырды. Оған сәйкес, қордың сатылымнан түскен кіріс көлемі 31 пайызға, активтерінің таза құны 30 пайызға ұлғайған. Таза кірісі 2 есе артып, 1,2 трлн теңгені құраған. 

«Қаржылық қор құрылды. 8 млрд сыртқы қарыз өтелді. Бұл 1 трлн теңгенің бағам тәуекелінен жалтаруға және жыл сайын валюта қажеттілігі үшін сыртқы қарыздарға қызмет көрсетуге жұмсалатын қаражатты 260 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді. Қазіргі ахуалды ескере отырып, компанияның күрделі операциялық шығыстарын 420 млрд теңгеге қысқарттық. Бұл белгілі бір қаржылық қор құруға мүмкіндік беріп отыр. Мұның барлығы энергетикалық, мұнай-газ, уран, телекоммуникация, пошта және өзге де салалардағы кәсіпорындардың жұмыс істеуі үшін айтарлықтай қаржылық резерв жасақтауға, қызметкерлерді қысқартусыз сақтап қалуға және жұмысшыларға дер уақытында жалақы төлеуге жол ашты», - деді ол. 

Қор басшысы жоғарыда аталған шаралармен қатар қазіргі қиын ахуалда ұлттық экономика мен отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктері жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 

«Олар - үшеу. Бірінші - тетіктердің өзін жетілдіру. Екінші - жаңа өндіріс орындарын құру бағдарламасын жүзеге асыру. Үшіншіден жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау бағдарламасын қабылдадық», - деді А.Есімов.