12 қар, 2019 сағат 13:31

«Самұрық-Қазына»: 11 жас маман қоржындық компанияларға жұмысқа орналасты

«Цифрлық жаз» бағдарламасының аясында тәжірибеден өткен 78 адамның 11-і «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның портфельді компанияларына жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Ұлт.кз порталы қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

IT-мамандарға арналған үш айлық тәжірибе алмасу бағдарламасы Жастар жылына орай, жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған «Жас Самұрық» жобасының аясында жүзеге асқанын айта кету керек.

«Цифрлық жаз» бағдарламасының мүмкіндіктеріне тоқталған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ цифрландыру мен трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаевтың айтуынша, тәжірибеден өткен жас мамандарға еліміздің ең үздің IT-мамандары білім берген.

«IT саласындағы технологиялар бүгін шығып, ертең ескіріп жатады. Сондықтан, «Цифрлық жаз» бағдарламасы таланатты жастарға өз білімдерін сөзбен емес, іспен көрсетуге зор мүмкіндік береді. Өздеріңіз білетіндей, биыл бағдарламаның шарттары оңай болған жоқ. Соған қарамастан, тәжірибеден өткен 78 жас мықты дағдыларын байқатып, еліміздегі ең үздік IT мамандардың тәжірибесін көрді және бәсекеге қабілетті қызметкер болу үшін озық технологияларды қалай пайдалану керектігін білді.  Осы айтылған мамандардың ішінен 11 түлек Қордың компаниялар тобына жұмысқа тұрды», - дейді ол.

«Цифрлық жаз» бағдарламасының екінші кезеңі IT саласындағы алты бағытты қамтыды. Онымен қоса, жазғы практика кезінде әрбір студентке ай сайын 50 000 теңге шәкіртақы  төленген.

Жалпы, 2019 жылдың 17 маусымы мен 29 тамызы арасында жас мамандар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «KEGOK» АҚ, «Қазпоша» АҚ, «ҚазТрансАймақ» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Кселл» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, "QazCloud" ЖШС және "Самрук-Казына Бизнес Сервис" ЖШС сияқты алпауыт компанияларда тәжірибеден өтті.

Айта кеткен жөн, Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қорға қарасты компанияларға жас әрі таланатты жастарды іріктеп алуға мүмкіндік беретін «Цифрлық жаз» бағдарламасына оң баға берген болатын. Жобаның бірегей ерекшелігі  сонда, жастар SAP, Microsoft, Oracle, Cisco, HP, IBM, Huawei сияқты ірі агломерат өнімдерімен жұмыс істеп көреді. 2018 жылы осы бағдарлама бойынша 72 IT-маман тәжірибені сәтті аяқтап, 33-і жұмысқа орналасқан еді.