09 жел, 2016 сағат 10:33

Самсаған «жұлдыздар», қаптаған «қайраткерлер»

Мәдениеттер мен өркениеттер шарпысқан жаһандану заманында сахна мен телеарналарды жаулап алған түрлі ток-шоу, әуейі көріністерден көз қарығып, бөстекі әңгіме, жылаңқы әндерден құлақтың сарсыла бастағаны өтірік емес. Иә, қазір ерні жыбырлағанның бәрі әнші. Ыржалақтаған әртіс, тырбаңдаған биші, сезімсіз сазгер көбейген кезеңге тіреліп отырған жайымыз бар. «Ұялмаған өлеңші боладының» кебі. Сұрастыра келсеңіз, бірқатарының қайраткер деген дардай атағы бар болып шығады…

Халықтық танымдағы қайраткер кім еді? Ең бірінші кезекте, ерекше дарыны мен білігінің арқасында даңқ тұғырына көтеріле білген асқан қабілет иесі. Бейнелеп айтқанда, халқымен біте қайнасып, есімі ұлтымен бірге тұтасып кеткен тау тұлға. Санамыздағы осындай бейнелерді көз алдымызға елестете отырып, бүгінгі самсаған «жұлдыздар» мен қаптаған «қайраткерлердің» сықпыттарын көргенде нағыз өнерлілер кезінде жарылып кетпей, қалай жер басып жүрді екен деп ойға батасың.

Бойына шақ емес жалған даңққа деген жаппай құмарлық қазіргі ұрпаққа кайдан жұқты? Егер мұндай құбылыс өндіріс саласына қатысты болса, айталық «етік тігетіндер тым көбейіп кетті» дегендей болса бір басқа. Өйткені көбейіп кеткен етікшілерден қоғамның ағзасына келер ешқандай рухани қауіп жоқ. Ал, енді жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ғана қадам басуға құқылы киелі өнер әлемін көлденең келген көк аттылар «бөтен сөзбен былғап» (Абай) жатса, онда мұны тек өнерге ғана емес, тұтастай ұлттық ділге түсе бастаған жарықшақ ретінде қарастырған жөн сияқты.

Мемлекет тарапынан шүлен таратылғандай үлестіріліп жатқан көптеген атақтарға біздің қолдан жасалған жұлдыздарымыз қаншалықты лайықты? Мәселе осында.

Егер аталмыш анықтауыш телінген біздің кейіпкерлеріміз шын мәнінде өнерпаздықтың, білімдарлықтың, кәсібиліктің биік деңгейін көрсетіп, «таланттарымен» халықты соңдарынан телмеңдетіп, билет таппағандықтан қойылымдарына есікті сындырып кіретіндей жағдайға жеткізіп жатса, осы тақілеттес мақалаларды (басқа авторлар тарапынан да) жазудың қаншалықты қажеттілігі болар еді?

Қазіргі таңда «Ән де, әнші де көп бола берсін, уақыт өте келе іріктеліп, ең үздіктері ғана қалады» деген тұжырым үстемдік құра бастады. Және мұндай пікірді белгілі өнер иелерінің айтуы сансыз ойларға жетелейді. Сонда өңшең ортаңқол, тіпті түкке тұрғысыз туындылар мен орындаушылар (әншілер емес) арасынан екшеліп, жөні түзу біреуі қалам дегенше тыңдарманның талғамы төмендеп, музыкалық өресінің дүмбілез бола беретіні неге қаперге алынбайды? Ал байыптай қарағанда мұндай жауапсыздықтың салдары ата-бабаларымыздың ғасырлардан бері келе жатқан рухани-мәдени желісіне балта шабылып, тұнығының лайлануына әкеліп соқтыруда. Нәтижесінде, бесіктен белі шықпаған балғындар көзін тырнап ашқаннан «тобырлық мәдениет» өнімдерімен ауыздануда.

Түсіне білген жанға бұл кеудесінде сәл де болса ұлттық ұшқыны бар әрбір қазақ алаңдайтын жағдай. Осындай ахуалға түсуімізге тек өнерімізді ғана емес, түптің-түбінде ұлттығымызды жоюға бағытталған, әрісі батыстан тамыр тартатын «Супер стар», «Давай поженимся», «Х фактор», «Звездные воины» сияқты тағы басқа толып жатқан бағдарламаларды елімізге әдейі енгізіп жіберіп, аңқау қазақтың зомбиге айналған кейпін көруге жаныққан жымысқы зымиян күштер тұрғандай сезіледі.

Әңгімеміздің ауанына қарай мына бір жәйтқа көңіл аударып көрейікші. Ежелгі Қытайда гармонияның (Дыбыстардың үйлесімді үндесуін зерттейтін ғылым – Қ.О.) заңдылықтарын бұзып, ән-әуен шығарған композиторды өлім жазасына кеседі екен. Бұл аңыз ба, әлде ақиқат па, өзіңіз екшей жатарсыз. Дей тұрғанмен, бұның түбінде шындық жатыр. Осы әрекеттеріне қарағанда ханзулар үшін музыка – тек қана «дың» еткен дыбыс емес, ұлттың рухани қаруы. Яғни, ол қару дұрыс бағытта сілтенбесе, тұтастай халықты рухани мүгедек ететінін тереңінен сезінуі осындайлық трагедиялық байламға мәжбүрлеген-ау деп ой түюге болады.

Ең бастысы, егер біреудің тұмсығын бұзсаңыз сотталатыныңыз анық. Себебі әлгіге физикалық залал келтірдіңіз. Ал енді өздерінің жойдасыз кеткен ән-әуендерімен бүтіндей ұлтымыздың жан әлеміне ойран салып, дүмбілез етіп жатқандарға не шара?!

Аспан асты елінің әлем аренасында аса зор қуатты мемлекетке айналуының негізі ұлттың рухани діңгегін мөлдір күйінде, көздің қарашығындай сақтай білуінде жатса керек.

Ал тәуелсіздіктен соң алдыңғы орынға экономиканы бағдар етіп қойған Қазақ елі жан-жақтан анталаған жат мәдениет пен түрлі діни ағымдардың тасқыны астында қалды. Міне, сол кездерден бері сапырылысқан хаостың аласапыранында халқымыз, әсіресе жастар жағы жасық пен асылдың ара жігін ажырата алмай дел-сал күйге түсті. Ата-бабаларымыз қалдырған ұшан-теңіз руханиятқа бас қойып, мақтан етудің орнына батыстың даңғаза музыкасының жетегінде кетті. Соның салдарынан ана тілімізбен қатар музыкалық тіліміз де шұбарлануға бет алып, афро-американдық рэп стиліне салынды. Кейбіреулердің айтуына қарағанда осылай етсек қазақ әндері әлемдік кеңістікте танылады-мыс. Алыстағы Африкада осындай стиль бар екен деп қайран әндерімізді не үшін мансұқ етуіміз керек? Мұндай үдерістерсіз-ақ ұлттық ән өнерінің құдіретін ХХ ғасырдың басында Әміре Қашаубаев Парижде жалпақ әлемге паш еткен жоқ па? Шырқыраған тенор даусымен тыңдаушылардың көз алдына байтақ қазақ даласын алып келген дара дарынға шексіз риза болған Ромен Роллан «Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім» деп тәнті болса, Анри Барбюс «Шығыста әншіні бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім» деп ағынан жарылуы қазақ өнерінің биік екенін айғақтайтын жағдаяттар емес пе? Әлбетте, музыкада шекара жоқ екені белгілі. Дей тұрғанмен, қандай да бір музыкалық ағым екінші бір мәдениетке кіріккенде санаға сыйымды болса ғана халық сүйіспеншілігіне бөленеді.

Айталық, осыдан жарты ғасыр бұрын «Дос-Мұқасан» ансамблі жарқ етіп тарих сахнасына шыққанда қазақтың эстетикалық-музыкалық танымында «төңкеріс» болғаны рас. Бұрын көріп білмеген эстрадалық аспаптармен «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтара білген» (Мұқағали) Досым Сүлеев бастаған жігіттер халық әндерінің мұртын да бұзбай, қылын да қисайтпай жұртшылық назарына ұсынғанда бұл дүниелер жаңа реңкке боялып, тіпті, құлпырып сала берді. Миллиондардың кумиріне айналған «Дос-Мұқасанның» халық жүрегінен ойып орын алуының құпиясы неде еді?

Біріншіден, ұлттық фольклорға табан тіреуі және репертуар таңдаудағы биік талғампаздығы. Екіншіден, халық әндеріне құрмет танытып музыкалық мәтіннің бір нотасына қиянат жасамай өте сауатты түрде аранжировка жасауын айтуға тиіспіз. Үшіншіден, негізгі музыкалық мәтіннің аясында үйлесімді әрі әуезді ғажайып фантазияға бай аспаптық импровизация жасауы. Ансамбльдің дүниеге келтірген сол импровизацияларының өзі кесек-кесек бір туынды іспеттес болатын. Міне, осылай Англияның «Битлз» ансамблінен бастау алған эстрадалық вокалды- аспаптық жанр дүниені шарлап, әр нәсілдің болмысына сәйкес әдемі үндесіп кетті. Қандай да бір ағымның тек халықтық фольклорға арқа сүйегенде ғана өміршең болатынын «Дос-Мұқасаннан» басқа беларусьтің «Песняры», өзбектің «Ялла» ансамблі күні бүгінге дейін лайықты танытып келеді.

Ал енді батыстың қаңсығына көзсіз көбелектей еліккен бүгінгі «жұлдыздарымыздың» солғын, сүреңсіз әні, ирелеңдеген іс-қимылы, талғамсыз киімі, ең бастысы, мұрнының астынан міңгірлеген даусы кімге қажет? Кереғарлығы сол, өздерін отандық шоу-бизнестің «мэтрлері» санайтын шіркіндеріңіз кейде өнерлеріне көңілі толмай сын-базына айтқан қалың тыңдаушыны кінәлап, «заман ағымынан қалып қойған иісалмастар» ретінде жазғыратынын қайтерсіз? Сонда бұлар тұтас ұлттан да биік талғам иелері болғаны ма?

Және бір сорақылығы, елдік, ұлттық тұрғыдан төрт құбыламыз тегіс түгелденіп, ендігі жерде айтылатын, көрсетілетін түк қалмағандай көрген-баққанымыз «жұлдыздардың» үйленгендері, той киіміне қанша доллар төлегені, қандай тағам жейтіндігі, шетел курорттарындағы бал айлары. Тіпті, үйіндегі иті мен мысығына дейін тәптіштеп, тергілейтін бағдарламаларға көрермен қаншалықты зәру?

Бұл аз десеңіз өнердегі орны қандай параметрлермен айшықталғаны белгісіз әлдекімдердің өзін қойып, енді аналарына арналған хабарлар қаптаған жоқ па? Әрине, аналарды ардақтаған халықпыз. Алайда журналиске: «Шырағым, менен сұхбат алатындай ұлым (қызым) ұлттың дара перзентіне айналған тұлға емес қой, ыңғайсыз болар», – деп қымсынған бір кейуананы көрсекші. Жоқ. Бәрі де даңқтан дәмелі.

Жалпы алғанда, осы тақілеттес бірсарынды, инкубатордан шыққандай қаптаған жобалардың қазақ өнерінің көсегесін көгертпесі анық. Сондықтан да ешқандай оқу-тоқусыз-ақ конвейерлік тәсілмен қолдан әнші, өнерпаз жасау үрдісін тез арада тоқтатпасақ, бұл құбылыс түбінде ұлтымызды рухани жүдеулікке әкелері сөзсіз.

Бір сөзбен айтқанда, өнерсүйер қауымға берер көк тиындық рухани құны жоқ, нәрсіз, рухсыз қойыртпақтары арқылы тойдан тапқан «көк қағазға» малданған, сөйте тұра «шығармашылықтарын» басқа емес, бірінші кезекте өзара мақтасып, өте биіктен сөйлейтін, көңілдері тоқ дилетанттар шоғырының көбеюі шошындырады.

Құлағы ұлттық үнге молынан суғарылған, қай нәрсеге болмасын дұрыс талғаммен қарайтын байыпты адамның арзанқол дүниеге бой ұрмасы анық. Дей тұрсақ та, жастарды терең иіріміне тартып, шырмауықша шырмап алған өресіз қойылымдардан көз тұнатын жағдайға жеттік.

Өнеріміздегі әңгіме арқауына айналған орашолақтықтарды тек қана концерттер мен түрлі шоу-қойылымдарға ғана қатысты мәселе деп қарайтын болсақ – қателескеніміз. Егер бұл құбылыстардың түпкі төркініне тереңірек үңілсек, онда руханиятымызға дендеп енген жаппай ұлтсыздандыру тенденциясын аңғаруға болар еді. Сондықтан да осы ащы шындықтың бетіне тіке қарап, халықтың дүр сілкінетін кезі келді.

Ал қалыптасып отырған бұл ахуал ата-бабаларымыздың Ұлы Дала төсінде ғасырлар бойы жасап қалдырған бай мәдени мұрасы мемлекет деңгейінде ұлттық идеология ретінде орнықтырылғанда ғана оңалатын болады.

Иә біз руханиятымыздағы, оның ішінде өнеріміздегі жалпы тенденцияны өз әлімізше әңгімеге арқау еттік. Бұхара бәрінен де биік. Оны жалған жұлдыздардың қатырма қағаздағы «қайраткерлігі» иландыра алмайды.

 

 Қалмахан Омар,

Жамал Омарова атындағы  №1 балалар саз мектебі директорының орынбасары.

Шымкент қаласы

"Түркістан" газеті