12 қар, 2018 сағат 13:32

"Айка" фильмі Германияда өткен кинофестивальде бас жүлде жеңіп алды

Қазақстандық актриса Самал Еслямова басты рөлді сомдаған «Айка» фильмі Германияның Коттбус қаласында өткен халықаралық кинофестивальде гран-приге ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Конкурста 40 елден 190 фильм сынға түскен. Гран-примен қатар «Айка» қазылардың арнайы жүлдесін де қанжығаға байлады.

Айта кетейік, кинотуындыны ресейлік режиссер Сергей Дворцевой түсірген. Еңбек мигрантының өмірі мен оның Мәскеуде көрген қиыншылықтары туралы фильмге жергілікті көрермендер жоғары баға берген. Олардың айтуынша, Самал Еслямованың рөлді шынайы, асқан шеберлікпен сомдауы фильмнің өзге бәсекелестерінен дараланып, озық шығуына сеп болған.

Естеріңізге сала кетейік, Самал Еслямова Канн фестивалінде үздік актриса атанған еді.

Сергей Дворцевой, «Айка» фильмінің режиссері:

– Мен мұндай фестивальдерге көптен бері қатысып келемін. Еңбегіңнің бағаланғаны қуантады, әрине. Фильмнің түсіріліміне дайындық басталғанда, ойланбастан Самалды рөлге бекіттім. Ұлты қырғыз болмаса да, қырғыз тілін үйреніп, өте жақсы ойнады.