10 қаз, 2019 сағат 16:53

Салықтық әкімшіліктендіру жүйесіне реинжиниринг жүргізілуде

ҚР Қаржы министрлігінің бастамасымен ақпараттық жүйелерді реинжинирингтеу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған шара «Салықтық әкімшілікті реформалау» жобасының аясында іске асып отыр. Нәтижесінде жаңа қосалқы жүйелер және басқа да мемлекеттік орган жүйелері интеграциялатын болады.

«Мәселен, ағымдағы жылдың қыркүйегінде «Жергілікті салықтар» жүйесі пайдалануға берілді. Ол «Мәліметтер базасын интеграциялау» ақпараттық жүйесінің қосалқы жүйесі саналады. Оның мақсаты – орталықтандырылған есеп пен мүлік салығы туралы хабарламалар қалыптастыру және жеке тұлғалардың жер салығын жасау», – делінген министрлік хабарламасында.

Бұған қоса, реинжиниринг бойынша «Салық төлеуші кабинетінің» Web-қосымшасы жасалып жатыр. «Қазіргі таңда жаңа құрылымға өту жұмыстары жүргізілу үстінде, соның нәтижесінде әрбір салық формасына жеке сервер бөлінетін болады. Бұл қосымша жұмысын икемді басқаруға мүмкіндік беріп, салық төлеушілер кабинеті қолжетімділігіне қатысты шектеулерді алып тастайды. Бірінші кезеңде пайдаланушылар санын 100 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр, ол 2019 жылдың 3-ші тоқсанында басталады деп жоспарлануда», – дейді ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев.

Нақты есеп жүргізу мақсатында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің жүйесі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Мемлекеттік жер кадастры» ақпараттық жүйесі және Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлікті тіркеу» мемлекеттік деректер базасы интеграцияланды.

«Мәліметтер базасын интеграциялау» ақпараттық жүйесінің негізгі ерекшелігі – салық төлеушілерге жергілікті салық сомасы туралы мәліметті SMS-хабарламалар арқылы жібере алуында болып отыр. Осы ретте, қыркүйек айында Мобильді азаматтар базасына тіркелген ел тұрғындарының ұялы телефонына салық сомасы туралы хабарламалар жіберілген еді.

«Біз «Жергілікті салықтар» қосалқы жүйесі мен «Kaspi Bank» АҚ деректер базасын интеграцияладық. Яғни, аталған банктің мобильді қосымшасында салық төлеу қызметі іске қосылды. Осылайша, мобильді қосымша арқылы қолданушылар өз салықтарын төлей алады. Ол үшін салық төлеушіге ешқандай ақпаратты толтырудың қажеті жоқ, өйткені, жүйенің өзі қажетті ақпаратты көрсетіп береді. Осындай қызметті «Қазақстан Халық Банкі» АҚ өз пайдаланушыларына да ұсынып жатыр», – деп атап өтті вице-министр.