18 жел, 2019 сағат 08:40

«Салық әмияны» жүйесі салық төлеу жұмыстарын жеңілдетеді

Елімізде «Салық әмияны» жаңа сервисі іске қосылмақ. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылатын жаңа бастама жайында ҚР қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев айтып берді.

«Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркі алаңында таныстырылған жаңа жүйе салықты электронды түрде төлеу процесін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар сервисте қандай салық төлеу қажет екендігі, айыппұл мен өсімдер туралы нақты ақпарат қамтылған. Сондай-ақ, салық төлеуші өзіне қандай салық салу нысандары тіркелгенін біле алады.

«Жаңа қызмет салық төлеушіге оның ағымдағы және алдағы бюджеттік міндеттемелері туралы ақпарат береді. «Салық әмиянынан» түскен ақша автоматты түрде салық міндеттемелері туындаған тиісті салықтарға есептеледі. Сонымен бірге салық төлеудің деректемелері салық төлеуші көрсетпей-ақ автоматты түрде толтырылады. Бұл салықтың кепілді жеткізілуін қамтамасыз етеді», – деді ҚР қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев.  

Бұл жаңа қызмет қаражаттарды жалпы мәліметтермен толықтыруға, «салық әмиянының» балансынан автоматты түрде ақша аудару бағытына қосуға және төленгені жөніңде хабарлама алуға мүмкіндік береді.  

Салық әмиянының мобильді нұсқасы e-Salyq мобильді қосымшасының платформасында жұмыс жасайды. Электрондық үкімет порталында (egov.kz) және желтоқсан айының соңынан бастап «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (Homebank) мобильді қосымшасына енгізілемек. Ал, 2020 жылдан бастап бұл қызмет Kaspi.kz мобильді қосымшасына да енетін болады.

Сонымен қатар, жиын барысында Open API форматындағы қызметтер таныстырылды. Бұл IТ-компаниялар үшін әмбебап интерфейс, оның көмегі арқылы әзірлеуші екінші деңгейдегі банкке қосыла алады және өзіне қолжетімді деректермен өзара байланыстыра отырып жаңа өнім жасай алады. Мысалы, клиенттің келісімімен клиенттің түрлі банктердегі шоттары туралы ақпаратқа бірыңғай рұқсат бере алады.

2020 жылдың басынан бастап, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Орталықтандырылған бірыңғай жеке шоттар» АЖ салық берешегі, төленген және алдағы төлемдер туралы мәліметтер ұсыну үшін API қызметтері жарияланды.

Бүгінде электронды мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мәліметтерді беру бойынша 60-тан астам мемлекеттік енгізіліп, 40-қа жуық ұйым осы API қызметтеріне қол жеткізген.