18 қаң, 2017 сағат 09:03

Салафизмнен сақтанайық

Астанада өткен VII Азаматтық форумда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары И. Тасмағамбетов ресми деректер бойынша елімізде жат діни ағымдарды қолдайтын 15 мыңға жуық адам бар екенін мәлім етті.

Ислам тарихына үңілсек, салафилердің алғашқы үш буыны шынайы дін жолын ұстанып, қоғам бiрлiгi мен ынтымағына, мұсылманның татулығына еш уақытта сызат түсiрмеген. Ал қазір өздерін салафиміз деп жүргендер дүниеден қайтқан кiсi үшiн Құран оқуға, құдайы ас беруге, намаздан кейiн тәспi аударуға, жамағатпен дұға жасап, бет сипауға, мәзһаб ұстануға, қабiр басына кесене немесе қоршау салуға, марқұмның жетiсiн, қырқын, жылын беруге қарсы шығып, қаншама ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ғұрыптарды бидғат санап, мұсылман жамағаты арасына сызат түсіруде. Қоғамда қалыптасқан дәстүрлi құндылықтарды мансұқтап, мемлекеттiң заңы мен құқықтық жүйесiне селкеу түсіруге әрекеттенуде.

Қазақ жеріне ислам дінінің келгеніне он екі ғасырдан асқанын, халқымыздың осынша уақыт осы дінмен өмір сүріп келе жатқанын ескерсек, халықтың салт-дәстүрі ислам қағидаларымен қабысып, астарласып кеткенін аңғарамыз. Өйткені, халықтың дәстүрі діни ұстанымға негізделіп, күнделікті тыныс-тіршілігі мен танымының өзегіне айналған.

Халықтың бұлжымайтын қағидасына айналған салт-дәстүрлер – тәрбиенің қайнар көзі. «Торқалы той мен топырақты өлімде бас көрсетпегеннен без» дейтін қазақ «топырақ салысуға үлгерейік» немесе «жетісі мен қырқына барып жүз көрісейік» деп асыққан. Жан араласқан жақын тұрмақ, жүзтаныс жаттың да қайғысын жеңілдетуге асығатын дарқан қазақтың ондағы ойы – «Қайғыны бөліссе, қайғы азаяды, қуанышты бөліссе, қуаныш көбейеді».

Аруақ сыйлауды басты парызы санайтын қазақтың марқұмның жетісі, қырқы, жылын атап ас берудегі мақсаты – елді жиып, асқа тойғызу емес, құран бағыштап, біліп-білмей істеген қателіктері үшін Алладан кешірім тілеу, бақиға аттанған жақынын қадірлеу. Қалың қазақтың міндеті – ағайын туыс, құда-жекжаттың қайғысына ортақтасып, көңіл айту. Өлімнің артын күту – қазақ үшін бірлік пен берекенің, ұят пен ардың нышаны. Ендеше, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп әруақты қадірлейтін халқымыздың бойындағы ізгілігі мен жүрегіндегі иманынан айырылсақ, халқымыздың татулығына, елі мен жерінің тұтастығына қауіп төнбей ме?!

Ұлыстың ұлы күнін тойлау, жеті атаға дейін қыз алыспау, тәбәрік тарату, ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар мұсылман дініндегі кейбір халықтарда, нақтылап айтсақ, араб халқында жоқ. Сонда бұлар арабтарда жоқ екен деп біз бас тартуымыз керек пе? Әлде, жеті атадан бері қыз алыспайтын дәстүрімізді тәрк етуміз керек пе? Тағылымдық мәні тереңде жатқан қазақтың салт-дәстүрлері – мұсылман дінінен ауытқушылық та, қарсылық та емес. Сол әдет-ғұрыптар ежелден ислам дінімен үндескендіктен, халықтың санасына сіңіп, қалыптасқан.

Ізгілікке бастайтын діні, халықпен бірге жасап келе жатқан тілі, салт-дәстүрі мен өнері – ұлттың асыл құндылықтары. Оларды бөле-жара қарауға болмайды, өйткені бұлар бірін-бірі толықтырып, ұлттың болмысын құрайды.

Ислам діні Ұлы дала халқының рухани болмысымен үндесіп, тарих сахнасына танымал тұлғалар мен озық ойлы ғұламаларды шығарды. Мұсылманшылықты бекем ұстанған текті бабаларымыз дәстүрлі дінді дәріптегендіктен, олардың ғибратты мұралары ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, тәрбие құралына айналған.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін дана халықтың ішіне іріткі салып, татулығына сына қаққысы келетін салафизмнің ықпалынан жастарды сақтандырудың тиімді бір жолы – халықтың қанына сіңген рухани құндылықтарды жаңғырта насихаттау.

Халқының тарихын өлең сөзбен өрген ақын-жыраулар Ұлы дала төсін жайлаған дарқан халықтың санасын сілкіндіріп, рух берген шығармаларын ислам құндылықтарымен айшықтап, адамзаттың өлшеулі өмірінде жасаған барлық істерінің есебі берілетін ақырет күні жөнінде терең ойлар толғайды.

Қазiргi таңда салт-дәстүрімізді теріске шығарғысы келетін салафизм өкiлдері қазақ жерiне тәуелсiздiктің алғашқы елең-алаң кезін пайдаланып келiп алды. Бастапқы кезде қайырымдылық қорларын, дiни сауат ашу курстарын, араб тiлiн үйрететiн оқу орындарын ашып, жастардың сенiмiне кiрдi. Оған қоса тәуелсіздігімізді ала салып шетелдердегі дiни оқу орындарына кеткен жастардың кейбiреулерi осы идеологияның шырмауына iлiгіп, елге оралған соң солардың ұстанымдарын насихаттады. Орыстілді бауырларымызға орыс тiлiне аударылған дiни әдебиеттерді тегін таратып, өз қатарларына тартты.

Намаз оқымаса, жақындығына қарамай мұсылман емессің деп қатынасын үзу, намаз оқымағандығы үшiн кәпiр санап, өз ата-анасына қарсы шығып, тiптi берген асын iшуден бас тарту, орамал тартқан қыздардың басын айналдырып, тоқалдыққа алып, артынан талақ етіп тастап кету, қараусыз жетiмдердiң санын көбейту арқылы қоғамда дінге деген теріс көзқарастар қалыптастыруда. Исламда мұндай келеңсіздікке жол жоқ, онда имандылық ұстанымы мен ғұлама-ғалымдардың салып кеткен сара жолы бар.

Қазір дінтанушы-ғалымдар айналысатын дiни мәселелер қарапайым мұсылмандар арасында дау туғызып жүргені жасырын емес. Терең діни білімінің жоқтығына қарамай, діни мәселелерді сөз ететіндер көбейді. Алғашқы мұсылман-салафтардың атын жамылған қазіргі салафтарда мұсылманға тән әдеп пен ибаның ешбір нышаны байқалмайды. Ислам қағидасында сенімі үшін адамды жазғыруға жол берілмегенімен, діни сенімі бойынша теріс жолда жүрген адамдарды дұрыс жолға жұмсақ тілмен бейбіт түрде шақыру уағыздалады. Оған қасиетті Құран Кәрімнің «Нақыл» сүресінің 125-аяты дәлел болады: «Адамдарды Раббыңның жолына даналық пен сыпайы насихат арқылы шақыр. Олармен көркем түрде сөз таластырып, шындықты дәлелдеу (үшін) тырыс. Раббың – тура жолдан адасқанды да, тура жолға түскен кісіні де жақсы біледі».

Қорытындылай келе, салафизм идеологиясы Қазақстанның конституциялық құрылымына, зайырлы сипатына, ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретіндіктен, оның зардаптарынан сақтанайық дегім келеді.

Е. Дуанаев,

шығыстанушы-филолог, қоғам қайраткері

Ұлт порталы