14 там, 2017 сағат 13:16

Сәләфизм ағымының зияны

«Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» демекші, ізглік, имандылық дегеніміз бұл - дін. Абай атамыз «Мүмин болсаң әуелі иманды бол, иман пендеге ашады жол» - деп адамдарды мейірмділікке, бауырмалдылыққа, ұлтжандылыққа шақырған.

Жалпы әлемдік діндердің өзі (Буддизм, Христиан, Ислам) адамдарды мейірім мен кешірімділікке, сабыр мен төзімділкке шақыратын рухани құндылықтарға негізделген. Десекте қазіргі таңда ізгілікке, тазалыққа, адам сүйгіштікке шақыратын асыл діндердің бірі Ислам дінінің атын жамылған деструктивті топтар пайда болуда. Исламның  атын жамылған сондай адасқан топтардың бірі сәләфилік. Жалпы сәләф сөзінің этималогиясына тоқталатын болсақ «алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны береді. Яғни Мұхаммед пайғамбардың көзін көрген мұсылмандарды сахабалар, сахабаларды көрген мұсылмандарды табиғиндер және табиғиндерді көрген мұсылмандарды тәбәға-тәбиғиндер деп атайды. Ал осы үш буын яғни сахабалар, табиғиндер, тәбәға-тәбиғиндерді  «сәләфилер»  деп атаған. Осы аталған ұрпаққа VII, VIII, IX, ғасырларда өмір сүрген Имам Әбу Ханифа, Имам Тахауи, Имам Шафиғи, Имам Мәлики т.б. ғалымдарды жатқызса болады. Жоғарыда аталған үш буын нағыз мұсылмандар болғанына тарих куә.

Бірақ қазіргі сәләфилерміз дегендер шынымен "сәләфтар" ма? Негізінде қазір өздерін сәләфпіз деп жүргендер шын мәнінде - уаххабилер. XVIII ғасырда Мұхаммед ибн Абдулуаххаб (1704-1787) сәләфилік ағымның негізін қалаушылардың бірі. Мұхаммед ибн Абдулуаххаб өзінің еңбектерінде өздері сияқты сенбейтін адамдарды күпірлікпен айыптап қарулы жиһадқа үндеген. Өздерін «сәләфпіз» деп санайтындар, өз қатарларындағы азаматтарды Алланың бірлігіне шақыру, ислам дінін бидағат (дінге енген жаңалық) амалдардан тазалау, дінімізді пайғамбар заманындағыдай яғни орта ғасыр адамдары секілді өмір сүру, араб әлемін біріктіру сияқты діни фундаменталды идеяларды ұранға айналдырып, көптеген адамдарды тура жолдан тайдырып жазықсыз мұсылмандардың қанын төккен. Сәләфилік ағымының негізін салушы Мұхаммед ибн Абдулуаххаб практикада ханбали мазһабын ұстанғанымен, ақидада (сенімде) ханбали мәзхабы бойынша дінді ұстанбайды.

Осы себепті олардың  діни танымы радикалданып қоғамға зиян тигізуде. Себебі, Мұхаммед ибн Абдулуаххаб «Китабт-таухид», (Сенім кітабы), «Кәшфуш-шубуһат», (Күмәнді нәрселерден арылту), және «Китабул-усулис-сәләсә», (Үш негіз кітабы) еңбектерінде таухид (сенім), ширк, бидғат (дінге енген жаңалық) деп көнеден келе жатқан салт-дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды, тарихи-рухани ескеркіштерімізді, ұлттық және мемлекеттік мейрамдарымызды ширкке, харамға теңеп жастардың санасын улауда.

Десекте кез келген топ уақыт өте өз ішінен бөлініп ыдырайтын секілді  сәләфилерде өзара саяси мәселеде бірнеше топтарға бөлінуде. Олардың бұлай бөлінуіне бірнеше себептер түрткі болған. Мәселен, амал етпеген жан «кәпір ме, әлде мұсылман ба?», «кәпірлермен одақтасуға бола ма, болмай ма?» «басшыға бағыну», «патшаны саясатын қолдау немесе қолдамау» секілді әрі ақидаға (сенім), әрі саясатқа қатысты мәселелер төңірегінде келісе алмай «мадхалиттер», «сурурилер», «такфирлер» болып бөлінген. Аталмыш ағым өкілдерінің ұстаздары мен негізге алатын әдебиеттері бір бола тұра бір-бірлерін адасушылықпен, күпірлікпен айыптап, тек өздерін ғана тура жолда жүрген мұсылман ретінде санауы, шын ислам дініне жат нәрсе. Ал бұндай түсінікті батыстық ғалым Э.Трельч айтпақшы «Діни ағымдарға тән қасиет, тек өздерінің сенімін ғана дұрыс санайды және қоғамнан оқшауланып жүреді», - деген. Қоғамнан оқшауланып, заманға сай өмір сүрудің орнына орта ғасырдағы адамдар секілді өмір сүруді аңсайтын сәләфилерді сыңаржақ, радикалды діни ағым екенін аңғаруға болады. Сәләфилердің радикалды әрекеті 2016 жылы Ақтөбе қаласындағы террорлық актіде дәлелденді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл қанды оқиғаға дәстүрлі емес діни ағым өкілдері сәләфиттер кінәлі деп айтқан болатын. Елбасының сөзінен кейін облысымыздағы сәләфилік ағымының өкілдері сенімдерін жасырып бірі уасатия енді бірі ханафиміз деп синтезделуде. Десекте сәләфилер «вконтакте»,  «facebook»,  «whatsaapp»  мессенджері арқылы жаңа жақтастар жинауда. Сәләфилік немесе басқада теріс діни ағымның жетегінде кетпеу үшін дінге қызығушы азаматтар ресми сайттар мен имамдардан діни ақпарат алу тиіс деп есептеймін. Ресми сайттарды атап өтетін болсақ «kazislam.kz», «azan.kz»,  «muftyat.kz», «hibatulla.kz» т.б.

Сонымен қатар, сәләфилерді тамырымен жеңу үшін ел болып күресуіміз керек. Себебі сәләфилік идеология бұл адамзатқа зиян әкелетін вирус. Бұл вируска, антивирус ата-бабаларымыздың дәстүрлі діни танымы болмақ. Дәстүрлі діни танымды түсіну үшін томдап діни әдебиеттерді оқудың қажеті шамалы. Ата-бабаларымыз дінді  үш ауыз сөзбен жеткізген ұят болады, обал болады, сауап болады деп. Бұл сөздердің мағыналары терең және өнегелік, тәрбилелік, көркем мінезділік құндылықтарға толы десек қателеспейміз. Абай атамыз өзінің өлең шумақтарында:

Махаббат пен жаратқан адам затты

Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті

Адам заттың бәрін сүй бауырып деп

Және хақ жолы осы деп әділетті

Осы үш сүю болады имани гүл – деп Алланы, адамды,

 әділеттілікті сүюге шақырған. Абай атамыз адам затты сүю деп нәсіліне, дініне, ұлтына қарамастан адамдарды жақсы көруді үндегеніне аса назар аударған жөн.

Руза, намаз, зекет, хаж талассыз іс

Жақсы болсаң жақсы тұт бәрін тегіс

Бастапқы үшті бекітпей соңғы төртті

Қылған менен пайда бермес жеміс – деп адамға құлшылықты үйретпестен, діннің асыл құндылықтарын түсіндіріп көкейге тоқу керек екенін жеткізген. Бізде Абай атамыздың әдісі бойынша өскелең ұрпаққа тәрбие беретін болсақ рухани бай, дініне берік, сеніміне бекем жастар көп болар еді.

Жақыпов Ерзат,

Жамбыл облысы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу

орталығы басшысының орынбасары

Ұлт порталы