12 мау, 2018 сағат 16:38

Сағынтаевтан сөз естіген министр үкімет отырысынан соң не деп ақталды?

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қаржы толығымен игеріліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі премьердің сынына іліккен болатын. Бақытжан Сағынтаев Қасымбектен халықаралық банктермен қарыз жөніндегі келісімдер мемлекеттік органдар тарапынан неге келісілмей жатқанын сұрады. 

"Жеңіс Махмұдұлы, мына жерде жазылып тұр. Дүниежүзілік банктен, Ислам банкінен қарыз алу жөніндегі келісім мемлекеттік органдармен келісуде. Қашанғы келісесіздер, әріптестеріңіздің бәрі осы залда отыр. 42,9 миллиард теңге игерілмей қалуы мүмкін деген қауіп бар. Оның ішінде сіз басқарып отырған министрлікте жолдар бойынша – ең үлкен көлем. Соның ішінде Ислам банкі, Дүниежүзілік банк беретін қарызға әлі мемлекеттік органдар арасында келісім жүріп жатыр деп жазылған. Қашан бітеді бұл келісім? Сіздер келісіп біткенше, қыс түседі ғой", — деп ашуланды Сағынтаев.

Үкімет кулуарында Қасымбек премьердің сынына қатысты жауап берді. 

"Үкімет отырысында айтылған бірқатар жоба бойынша міндеттемелер қаржыландырудың бекітілген кестесіне сәйкес екінші жартыжылдықта қабылданады. Бұл Отар – Ұзынағаш, Балқаш – Бурылбайтал, бұлар бойынша Дүниежүзілік банкпен жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ, Қазақстанның батысында екі жоба бар: Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахань. Соңғы екі жоба бойынша Ислам банкімен келіссөз жүріп жатыр. Бірқатар шешілмеген түйін бар, бірақ жақын арада бұл мәселелерді шешеміз. Қаржыландыру кестесі аясында жоспарланғанның бәрі 100 процент игеріліп жатыр, артта қалған жобалар жоқ", — деді инвестициялар және даму министрі.