29 қыр, 2017 сағат 13:48

Бақытжан Сағынтаевқа Түркістанды дамыту жоспары таныстырылды

Елбасы тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Онда «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының, сондай-ақ АӨК дамыту және «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламаларының, «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының іске асырылу барысымен танысады.

Бақытжан Сағынтаевтың ОҚО-дағы жұмыс сапары Түркістан қаласынан бастау алды, онда Премьер-Министр өнімдері облыстың барлық аудандарына жеткізілетін «Яссы нан» нан зауытында болып қайтты.

Кәсіпорынды аралау барысында «Ақ жол» ЖШС басқарушы компаниясының басшысы Сабыр Атаев Премьер-Министрге өндірістік цехтарды көрсетіп, зауыттың қазіргі қызметі мен оны жаңғырту келешегі туралы айтып берді.

«Ақ Жол» ЖШС кәсіпорны нан-тоқаш және шұжық өнімдерін шығарумен айналысады. Мұнда 2016 жылы 288 млн теңгеге өнім өндірілді, 2017 жылдың 8 айында — 839 млн тг. Компания ШОБ пен жаппай кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімді әсеріне мысал бола алады.

Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев Түркістанның бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында болып қайтты, солардың ішінде Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де бар. Онда университет ректоры Уәлихан Әбдібеков Премьер-Министрге оқу орнының инфрақұрылымын таныстырып, ЖОО-ның дамуы мен осында қолданылатын білім беру бағдарламалары туралы баяндады. 


Бүгінде ХҚТУ-де 1 000-нан астам оқытушы жұмыс істеп, 105 мамандық бойынша шамамен 9 000 студент, соның ішінде 700-ден астам шетелдіктер білім алуда. Мұнда арнайы университеттік қалашық тұрғызылған.

Бұдан кейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған «Отырар» шағын ауданына барды. Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев Бақытжан Сағынтаевқа салынып біркен үйлердің біріндегі тұрғын үйдің сапасын көрсетіп, қаланы дамытудың перспективалық инфрақұрылымдық жоспарымен таныстырды. Онымен қоса, әкім Премьер-Министрге «Нұрлы Жер» бағдарламасын іске асыру барысы туралы ақпарат берді. 


Күннің екінші жартысында ҚР Премьер-Министрі жұмыс сапарын Шымкент қаласында жалғастырады, онда бірқатар кеңестер өткізіп, өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралайды.