15 мам, 2017 сағат 10:21

Сағынтаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысына барды, онда «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерді түсіндіріп, оның іске асырылу барысын тексереді. 


Бақытжан Сағынтаев өңірдің өнеркəсіптік əлеуеті мен Жаңғырту 3.0 аясында қабылданып жатқан шараларды бағалайды, КТББ тегін оқыту бағдарламасын іске асыру барысы мен МЖƏ тетіктерін қолдану туралы баяндаманы тыңдайды, сондай-ақ, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй салу жұмыстарын тексереді.

ҚР Премьер-Министрі жұмыс сапарының кестесіндегі негізгі шара  облыс жұртшылығымен кездесу болады, онда өңірді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау жоспарланған. Кəсіпкерлер қауымымен кездесу барысында шағын және орта бизнесті дамыту келешегі, мемлекеттік қолдау көрсету тетіктері қаралатын болады. Бақытжан Сағынтаев жастармен Үкіметтің қазақстандық жастардың жеке бəсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатымен сапалы білім алуы үшін жасап жатқан мүмкіндіктерін талқылайды.

ҚР Премьер-Министрінің жұмыс сапарындағы алғашқы нысан «Қостанай» халықаралық әуежайы болды. Мұнда Б. Сағынтаевқа қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі мен әуе айлағын қайта жөндеу жобасын іске асыру барысы туралы есеп берілді.

Жаңғырту нәтижесі ретінде жолаушылар ағыны екі есеге, сағатына 400 адамға дейін ұлғайтылады. ИКАО халықаралық азаматтық авиация ұйымы сертификаттау жұмыстарын жүргізген соң, әуежайдың барлық ұшақтарды түріне, ұшу-қону массасына, рейс жиілігіне қарамастан, ешқандай шектеусіз қабылдау мүмкіндігін растауы үлкен маңызға ие.

Бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Астана халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысымен танысып, Семей әуежайын қайта жөндеу жұмыстарының барысын бағалап, сондай-ақ Орал мен Талдықорған әуежайларының жұмысын тексерген болатын.

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан өңірлеріне жұмыс сапарын жалғастыруда. Осыған дейін ол Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстарында жұмыс сапарымен болды.

"Ұлт ақпарат"