04 ақп, 2017 сағат 10:04

Сағынтаев жалқау министрлерді сөкті

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев келісілмеген жұмысы үшін министрлерді сынға алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. Бұл туралы премьер-министр Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген үкімет отырысынан кейінгі министрлер кабинетінің отырысында мәлімдеді.

"Мемлекет басшысы назар аударған тағы бір мәселе. Әрбір министр үкімет мүшесі ретінде өзі басшылық ететін мемлекеттік органның атынан экономика саласындағы дамуға жауапкершілік арқалайды. Әрбіріңізде шыққан әрбір проблемалық мәселелер бойынша шешім шығаруға және министр әріптестеріңізбен тиімді әрекеттестік етуге құзыреттеріңіз бар", - деп мәлімдеді премьер сенбілік үкімет отырысы барысында.

Сағынтаев премьер-министрдің кеңсесіне ендігіде шешетін мәселе өз құзыретінде болса, министрліктер мен әкімдіктердің сұрақтары бар хаттарын қабылдамауға тапсырды. Сондай-ақ, ол ведомстволардың құзырындағы мәселелер бойынша премьер-министрдің және оның орынбасарларының деңгейінде жиналыс өткізуіне тыйым салды. 

"Әдетте былай болады. Жиналыс өткізуді сұрайды, "Белгілі бір мәселе бойынша министрлер өзара әңгімелесті ме?" деп сұрақ қоямыз, сөйтсек, "Жоқ, сөйлеспеді" деп жауап береді. Яғни министрлер бір-бірімен әңгімелесуге ерініп, вице-премьер не премьердің деңгейінде жиналыс өткізуді үкіметтен сұрайды. Бұлай болмайды. Оның үстіне енді бізде екі ғана вице-премьер қалды. Сіздердің мәселелеріңізбен айналысатын адам жоқ, өз мәселелеріміз жеткілікті. Сондықтан өздеріңіз шешіңіздер", - деп мәлімдеді Сағынтаев.  

Еске салайық, кеше, 3 ақпанда Иманғали Тасмағамбетов премьер-министрдің орынбасары қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып тағайындалған еді.