14 ақп, 2017 сағат 13:47

Сағынтаев Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне уақытылы төлем жүргізуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында Универсиаданың жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтіп, іс-шара ұйымдастырушыларына, сондай-ақ жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізген еліміздің студенттік құрамасына алғысын білдірді.

Б. Сағынтаев Универсиаданың өткізілуі Алматы қаласын дамытуға серпін бергенін, осыған орай алдағы Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында мұндай ірі іс-шараларды өткізу тәжірибесін пайдалану керектігін атап өтті.

«Мәдениет және спорт министрлігіне Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сонымен қатар олардың жаттықтырушыларына уақытылы төлем жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп спорттық ғимараттарды одан әрі пайдалану мәселесін нақты шешуі тиіс», - деді Б. Сағынтаев.

Еске салайық, 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтті. Қысқы Универсиада бағдарламасына 12 спорт түрі енді, жарыстарға 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Жарыстар әлемнің 80 еліне трансляцияланды. Универсиада өтіп жатқан уақытта Алматыға 30 мыңға жуық отандық және шетелдік турист келді. Жарыстардың нәтижесінде, Қазақстан 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медальды иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды.

Ұлт порталы