19 мау, 2018 сағат 09:23

Сағынтаев Шудағы пойыз апатын тергеуді жеке бақылауына алды

Үкіметтің бүгінгі отырысында Шуда апатқа ұшыраған жолаушылар пойызына қатысты оқиға қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxамбет Қасымовтың айтуынша, оқиға орнына Астанадан арнайы тергеу тобы жіберілді. «Бұл факті бойынша біз қылмыстық іс қозғадық. Арнайы тергеу тобы куәгерлерлен жауап алып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Барлық тергеу шаралары Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның бақылауында», - дейді Қ.Қасымов

Ал ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзіне қарағанда, жолаушылар пойызының апаты кезінде 25 адам түрлі жарақат алған. Бір жасөспірім көз жұмды. «Жедел жәрдем бригадасы барғанға дейін бала оқиға орнында қайтыс болды. Сараптаманың алдын ала қорытындысы - жабық бас сүйек ми жарақаты. Миға қан құйылып, ісік пайда болған. Медициналық көмекке Жамбыл облысында 17 және Алматы облысында 8, жалпы 25 адам жүгінген. 24 науқасқа медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Бір азаматқа оң аяғындағы тобығы жабық түрде сынды деген диагнозбен ота жасалып, ол Шу қалалық ауруxанасына жатқызылды», - деп атап көрсетті Е.Біртанов.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жолаушылар пойызының апатына қатысты көңіл айтып, бірқатар тапсырмалар берді. «Қазақстан теміржолы» компаниясы Қарағанды облыстық әкімдігімен бірлесе отырып, қаза болған баланың отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге сапалы медициналық көмек беруді қамтамасыз етсін және бақылауға алсын. Ішкі істер министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі мен «Қазақстан теміржолы» компаниясы басқа мүдделі органдармен бірлесіп, вагондардың жолдан шығып кету себептерін мұқият тексерсін. Бұл оқиғаны тексеру барысын мен жеке бақылауыма аламын», - деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

Айта кетейік, отырыс барысында «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының басшысы Қанат Алпысбаев тексерудің алдын ала нәтижесін жариялады.