05 қыр, 2017 сағат 10:00

Сағынтаев Шахандағы қайғылы оқиғаның қайталанбауын талап етті

Жылу маусымына дайындық барысы талқыланған отырыста Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қарағанды облысының басшылығына былтыр Шаханда болған жарылыстың биыл қайталанбауын қатаң бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан порталына сітеме жасап.

Қарағанды облысының әкімі баяндағандай, өңірде жылу маусымына дайындық аяқталуға жақын. 

"16 қазандық пен 9 турбинада жөндеу жұмыстары бітті. Бүгінде 15 қазандық пен 7 турбина жөнделіп жатыр. Жылу маусымына дайындық тұрақты бақылауда", — деп баяндады селекторлық байланыс арқылы облыс басшысы. 

Сондай-ақ облыстағы автономды жылу жүйесі мәселесіне тоқталды. 

"30 автономды жүйенің 18-ін жылу маусымы басталғанша шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта сегіз автономды жүйе бойынша жұмыс аяқталды, қалған оны жылу жүйесі басталғанша орнатылады. Оның ішінде бюджеттік емес қаржыға Шахандағы барлық қазандықтар үйлерден шығарылады. 12 қазандық келесі жылы шығарылады. Төтенше жағдайға жол бермеу үшін қазандықтар тексерілді, тұрақты түрде жұмысшыларды оқыту жүргізіледі", — деді әкім. 

"Әсіресе, Теміртау қаласын бақылауда ұстау керек. Өткен жылғы жағдай қайталанбауы тиіс.  Шаханда болған оқиға да қайталанбайды деген үміттеміз", — деді Бақытжан Сағынтаев.

Еске сала кетсек, Шахан кентінде 2017 жылы қаңтардың 1-і күні болған қайғылы апат тоғыз кісі — алты ересек адам мен үш баланың өмірін қиды. Үйдің жертөлесінде орнатылған жылу қазандығы жарылып, бес қабатты үйдің шеткі подъезі опырылып құлаған болатын. Тексеру қорытындысы бойынша, бес лауазымды тұлға «ауыр зардаптарға соқтырған қызметтік әрекетсіздікке» қатысты айыпталls. Олар — Шахан кентінің әкімі, оның орынбасары, әкім аппаратының коммуналдық мәселелер жөніндегі бас маманы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы мен тұрғын-үй секторының бас маманы.