20 мау, 2018 сағат 16:00

Сағынтаев пен Жақсыбеков Түркістан облысының әкімін таныстырды

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жаңадан құрылған Түркістан облыстық мәслихатының сессиясына қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Отырыс барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Түркістан облысының әкімі лауазымына Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты тағайындау туралы ұсынысы жазылған Мемлекет басшысының облыстық мәслихат депутаттарына жолдаған хатын оқып берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.

Ж. Түймебаев 1958 жылы дүниеге келген. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетін тәмамдаған. Филология ғылымдарының докторы. Әр жылдары ҚР Президенті Хаттамасының жетекшісі, ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР-ның РФ-тегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР Білім және ғылым министрі, ҚР-ның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған. 2016 жылғы қазан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымын атқарған.

Бұдан кейін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков Түркістан облысының активімен кездесіп, жаңа әкімді таныстырды.

Бақытжан Сағынтаев кеше Мемлекет басшысының тарихи шешімімен елімізде жаңа Түркістан облысы құрылғанын еске салды.

«Түркістан көптеген ғасырлар бойы тек Орталық Азияның емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани өмірінің орталығы болды. Мемлекет басшысының киелі Түркістанды облыс орталығы ретінде белгілеуі туралы шешімі өңірді одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Елбасының осы тарихи шешімі жергілікті халықтың өмірін жақсартуға, сондай-ақ жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді», - деді Б. Сағынтаев.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Маминнің төрағалығымен Түркістан қаласының түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы ретінде дамуына ықпал ететін Бас жоспарды әзірлеу бойынша Үкіметтік комиссия құрылды.

Таныстыру барысында Бақытжан Сағынтаев Ж. Түймебаевтың түрлі жауапты басшылық қызметтердегі үлкен жұмыс тәжірибесін атап өтті.

Сондай-ақ, кездесу аясында жергілікті жұртшылық өкілдері де сөз сөйледі.

Жазушы Мархабат Байғұт, қоғам қайраткері Ш. Мырзахметов өңір атынан Мемлекет басшысына халықтың рухани күш-жігерін көтеретін және өңірді дамытуға жаңа серпін беретін шешім қабылдағаны үшін алғыс бірдірді.

Айта кетейік, 19 маусымда Президенттің «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталып, әкімшілік орталығы Түркістан қаласы болды.