28 қыр, 2017 сағат 09:44

Сағынтаев өз орынбасарларына міндеттерін бөліп берді

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Премьер-Министрінің орынбасарлары және Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы арасында міндеттерді бөлу туралы» өкімге қол қойды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құжатқа сәйкес, Премьер-Министрдің қарауына экономикалық, қаржы, фискалдық және кеден саясатының, мемлекеттік бюджеттің стартегиялық мәселелері, қорғаныс және құқықтық тәртіп, мұнай-газ секторын дамыту, мемлекеттік активтерді басқару, мемлекеттік органдардың әкімшілік реформасын іске асыру, мемлекетаралық қатынастар мен халықаралық ынтымақтастық, шетелдік инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және басқалары кіреді.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Маминның міндеттеріне экономиканы жедел басқару және өңірлік саясат, көлік инфрақұрылымын және логистиканы дамыту, құрылысты дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мәселелері жатады. Сонымен қатар Асқар Мамин қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту, төтенше жағдайлар және жұмылдыру жұмысы, ғарыш қызметі, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, энергияның жаңартылатын көздері, көмір өнеркәсібі, атом өнеркәсібі және ядролық энергетика, инновациялар, техникалық реттеу, электр энергетикасы, геология және жер қойнауын пайдалану, мұнай химиясы, экспорттық бақылау, қоршаған ортаны қорғау, жылыту маусымына дайындық және оны өткізу және басқа да мәселелер кіреді.

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасарының қызмет аясына сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамытуды үйлестіру, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ынтымақтастық мәселелері жатқызылады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың міндетіне ел экономикасын Үшінші жаңғыртуды жобалық басқару, мемлекеттік жоспарлау жүйесі, қаржы секторын дамыту, макроэкономикалық, бюджет, салық және кеден саясаты, ШОБ пен мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту, сонымен қатар білім беру мен ғылымды дамыту, денсаулық сақтау, әлеуметтік жаңғырту, жұмыспен қамту, дін, туризм, мәдениет және спорт, демография және көші-қон саясаты, тариф саясатын үйлестіру және басқа да мәселелер бекітілген.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев салаларды цифрландыру және цифрлық экономиканы дамыту, ақпараттандыру, байланыс және ақпараттық қауіпсіздік, «электрондық үкіметті», ақпараттық технологияларды дамыту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру, электрондық коммерция, спутниктік байланысты дамыту, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру және басқа да мәселелерді үйлестіреді.

Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, су ресурстары, орман шаруашылығы, жануарлар әлемі, ауыл шаруашылығы машинасын жасау, ауылда нәтижелі жұмыспен қамту және басқа да мәселелерге жетекшілік етеді.

ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы Нұрлан Алдабергенов Премьер-Министрді және Үкімет басшылығын ақпараттық-талдау, құқықтық, ұйымдастырушылық, протоколдық, құжаттамалық, материалдық-техникалық және  өзге де мәселелерді қамтамасыз етуді іске асырады.