15 мам, 2017 сағат 14:31

Сағынтаев Қостанай кәсіпкерлерімен бизнес ортаны дамыту мәселесін талқылады

ҚР Премьер-Министрі Қостанай облысына жұмыс сапары аясында «Атамекен» ҰКП Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында кәсіпкерлердің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл мәселелері, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ өңірде кәсіпкерлікті дамытудың перспективалы бағыттары талқыланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрі бизнес өкілдерінің назарын ел экономикасының Үшінші жаңғыруы аясында ашылып жатқан өсу мүмкіндіктеріне аударды. Б. Сағынтаев кәсіпкерлерді бизнес ортаны жақсату мен қайта реттеу, экономиканың жаңа салаларындағы, жаңа индустриялардағы, қызмет көрсету саласындағы, туризм мен «қарапайым заттар экономикасындағы» жаппай кәсіпкерлікті жедел дамыту саласындағы бірлескен жұмыстарға белсендірек қатысуға шақырды.

Бақытжан Сағынтаев осы процестің құрамдас бөлігі ретінде Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы цифрландыру мен төртінші өнеркәсіптік революцияға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Осыған орай Үкімет заңнамалық өзгерістер мен стандарттау, цифрландыру, мемлекеттік қолдау құралдары қамтылған, аталған бағытта дамудың жүйелік шараларын әзірлеуде.

Мемлекеттік сатып алулар саласында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырылған қызмет қағидасы бойынша жүзеге асыру мәселелері пысықталуда. Отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету мақсатымен ҚР Қаржы министрлігі отандық жиһаз және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатып алу мәселесін ретке келтірген. Биыл квазимемлекеттік сектор, табиғи монополиялар мен жер қойнауын пайдалану салаларындағы сатып алулардың жаңа тәсілдері іске асырылатын болады.

Бұдан өзге, сатып алулардың ІТ платформасы - мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алуларының ортақ қажеттіліктеріне бірыңғай қолжетімділік нүктесі өз нәтижелерін бермек. Тағы бір шара мемлекеттік сатып алулар кезінде құрылыс келіcімшарттарын қазынашылық сүйемелдеудің пилоттық жобасын іске қосу болмақ.

Жергілікті қамту үлесін арттыру мен бизнес ахуалды жақсарту жұмыстары жалғасын табады. Заңнамалық салада салықтық тексеру жұмыстары 40%-ға қысқартылады. 30-дан астам ескірген санитарлық ережелерді жойып, 25-іне өзгерістер енгізіп, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарына жаңа санитарлық ережелер әзірлеу жоспарланған.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері ретінде көрсетілгенін атап өтті. Соған орай биыл АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстары басталды. Б. Сағынтаев кәсіпкерлер қауымына бүгінгі таңда нарықта, соның ішінде таяу шетел нарығында орын алған мүмкіндіктерді жіберіп алмауды ұсынды. Мысалға, Өзбекстанға өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттау жағдайлары жақсартылды. 1 сәуірден бастап онда ұнды (11%-дан 5%-ға дейін), күнбағыс майын ( 20%-дан 10%-ға дейін), консервіленген көкөністерді (50%-дан 10%-ға дейін), жеміс және көкөніс шырындарын (70%-дан 30%-ға дейін) импорттау акциздері төмендетілді. Сондай-ақ, макарон өнімдеріне салынатын акциздік салық алынып тасталды (бұған дейін 50%-ға дейін болған).

Премьер-Министрдің айтуынша туризм мен МЖӘ жобаларын іске асыру перспективалы бағыттар болып табылады.

Шара барысында Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, «Атамекен» ҰКП төрағасы А. Мырзахметов, облыстың Өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы В. Розинов сөз сөйледі.

«Қостанай Мұнай Өнімдері» Қауымдастығы» ЗТБ президенті Р. Файзулин мұнай өнімдері мен АЖҚС базаларының иелеріне есептеу құралдарын орнату мәселесін көтерді. «Қостанай облысы кәсіпкерлік қызметіне көмек көрсету қауымдастығы» ЗТБ директоры П. Сухинин салықтық және кеден даулары бойынша ескіру мерзімі тақырыбын қозғады. «Зуевка» ЖШС директоры А. Бородин қызметтің басқа түрлерін жүзеге асыру кезінде шаруа қожалықтарының арнайы салық режимін қолдану мәселелері туралы айтты. «Баян-Сұлу» АҚ басқарма төрағасы Т. Садықов жұмыскерлерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметін көрсету тізіміне қосу ерекшеліктеріне қызығушылық танытты. «Алюминқұрылыс» ЖШС директоры А. Мұқанов құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар кезіндегі бағаның демпингіне қатысты мәселені көтерді. «БК-Строй» ЖШС директоры И. Ким «Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу мен кірме жолдарды қолжетімді еткені үшін «Көліктік қызмет орталығы» АҚ тарифтерін төмендету туралы ұсыныстарын білдірді. «Қостанай ұн тарту комбинаты» АҚ директоры А. Микетка ҚҚС қайтару рәсімі жөніндегі пікірімен бөлісті.

Сондай-ақ, «ТӨК Қарасу» ЖШС бас директоры А. Тұрсынов және «ССТӨБ» АҚ президенті Б. Мұхаметқалиев өзекті мәселелерді көтерді. 

Өз кезегінде кәсіпкерлердің сұрақтарына ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов, ҚР қаржы вице-министрі Б. Шолпанқұлов, сонымен қатар ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Р. Скляр жауап берді.