23 қаз, 2017 сағат 10:19

Сағынтаев: Өңірлердегі тұрғын үй қажеттілігін жоспарлау мәселелерін реттеу керек

Биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру аясында 10 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ж. Қасымбектің айтуынша, осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 591,3 млрд тг инвестиция салынған, соның ішінде 108,4 млрд теңгесі — мемлекеттік инвестициялар. 7,9 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 10,2%-ға жоғары көрсеткіш. Жалпы тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспарының 78,2%-ы орындалған. Барлығы 70 мың пәтер салынған. 

Тұрғын үй құрылысы аудандарына қажетті инфрақұрылымды жүргізуге 83,4 млрд теңге қарастырылған. Олардың ішінде қаржыландыру жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға (ЖАО) 57,4 млрд теңге аударылған, 54,2 млрд теңгесі (94,4%) игерілген. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін 60 мыңнан астам жер теліміне инженерлік коммуникация желілерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Бұдан өзге, биыл сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық тұрғын үй құрылысына 25 млрд теңге бөлінді. 5 936 пәтердің құрылысы басталды, олардың 2 697 пәтері биыл пайдалануға беріледі деп көзделген. Жоспардағы 8 495 пәтер кезінде, ЖАО несиелік тұрғын үй бағыты бойынша жыл басынан бері 3 731 пәтер (250 мың м2) пайдалануға берілді және жыл соңына дейін тағы 4 764 пәтер (273,5 мың м2) пайдалануға беріледі.

14 өңірде екінші деңгейлі банктер халыққа жаңа тұрғын үй сатып алуға жеңілдікпен ипотека бере бастағаны аталып өтті. Бүгінде банктерге 7 млрд теңгеге 700 өтінім келіп түскен, олардың ішінде 6,6 млрд теңгеге 650 өтінім мақұлданған. 

10 қазанда Үкіметтегі дауыс беру кезінде бағдарламаға арналған өзгерістер пакетінің жобасы мақұлданды. Негізгі өзгерістер несиелік және жеке тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту үшін әкімдіктерге квазимемлекеттік сектор субъектілерін қайта бөлуге қатысты. Сондай-ақ, әкімдіктерге өткізілмеген несиелік тұрғын үйлердің бір бөлігін кезекте тұрғандарға бөліп беру үшін сатып алу мүмкіндігі беріледі. 

«Жалпы, енгізіліп жатқан өзгерістер бағдарлама тетіктерін өзекті етеді, ал жүргізіліп жатқан шаралар бағдарламаның барлық бағыттарын уақытылы әрі тиімді іске асыруға және биыл 10,1 млн м2 немесе 99 мың пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік береді», — деп сөзін қорытындылады Ж. Қасымбек. 

Өз кезегінде Үкімет басшысы: «Өңірлер арасында белгілі бір үйлеспеушілік бар. Осы орайда жоспарлау дұрыс іске асырылмауда. Сонымен қатар Парламентте депутаттар да мектеп қажеттілігі мәселесін көтерген болатын», - деп тоқталды.

Бұл тұрғыда Б. Сағынтаев баспанаға қажеттілік пен құрылыс ауқымы арасындағы теңгерімсіздік орын алған мәліметтерді жария етті.

«Алматы облысында 37 мыңға жуық адам кезекте тұрған болса, жылдық жоспар 82 пәтер ғана. Қарағанды облысында кезекте 35 мың адам тұрса, жылдың ішінде 387 пәтер ескерілген. Маңғыстау облысында кезекке 17 мың тіркелсе, жылдық жоспар - 1 132. Ал Ақтөбеде кезекте 26 мың адам тұрған болса, жылдық жоспар 2 600-ге тең», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы бірінші орынбасары Асқар Маминге бұл мәселені жеке бақылауға алуды тапсырды. 

«Саладағы осы жағдайды пысықтау керек. Әрине, құрылыс ауқымы жоғары өңірлер қолдауға лайық, алайда сұраныс жоғары жерлерде мүлдем құрылыс байқалмайды. Бұндайға жол берілмеуі керек», - деп түйіндеді сөзін Б. Сағынтаев.