14 мау, 2017 сағат 17:57

Сағынтаев: Қаптаған жеке кәсіпкерлер бізге қажет пе?..

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның бизнес ахуалына баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұндағы жұмыс көп жағдайда «Самұрық-Қазына» АҚ-ның сатып алуларына, мемлекеттік органдар жүргізетін орталық және жергілікті сатып алуларға іліну қажеттігі айналасында жүріп жатыр. Және бизнес осының шеңберінде күн көріп отыр деуге болады. Әрине, бұл өте қамығарлық жайт. Егер біз бұдан алшақтамасақ, Президент қойған тапсырманы орындай алмаймыз, өспейміз (...)  Егер дәл осылай сатып алуларға ұмтыла берсек, бізде бизнестің өзге түрі болмайды да. Ол үшін табыс табудың жаңа жағдайларын жасауымыз қажет», - деді Сағынтаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІV Съезін қорытындылау сөзінде.

Сонымен бірге, Премьер кәсіпкерлік субъектілерінің сапасына назар аударды және елімізде негізінен жеке кәсіпкерлердің ғана жұмыс істеп жатқанын атап өтті.  

«Қаптаған жеке кәсіпкерлер бізге қажет пе? Басқа деңгейге өткенде ғана, нағыз қажетті өнімдерді шығарамыз. Менің ойымша, анағұрлым сапалы кәсіпорындардың, сапалы өнімдердің және адами капитал сапасының болуы үшін шындап жұмысқа кірісуіміз қажет»,- деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.