15 ақп, 2019 сағат 14:47

Сағынтаев Еуразия даму банкінің басқарма төрағасымен кездесті

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразия даму банкінің (ЕАДБ) басқарма төрағасы Андрей Бельяниновпен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесу барысында Банк жұмысының 2018 жылғы қорытындысы және қызметтің алдағы жылға арналған перспективалық бағыттары қаралды. Сонымен қатар, Банктің ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуы жөніндегі мәселелер талқыланды. 

Бұдан өзге, ЕАДБ техникалық көмек көрсету қорының жұмысын жетілдіру мәселесіне көңіл бөлінді.

Айта кетейік, Еуразия даму банкі — Қазақстан мен Ресей Президенттерінің бастамасымен 2006 жылы құрылған халықаралық қаржы ұйымы. Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан да Банк қатысушылары. ЕАДБ жаңа қатысушылар – мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қосылуын құптайды. ЕАДБ штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Банктің барлық мүше елдерде аумақтық бөлімшелері бар.

Банк миссиясы — қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсіміне, олардың арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың кеңеюіне және еуразиялық кеңістікте интеграциялық үдерістердің дамуына жәрдемдесу. Банктің инвестициялық қызметінің басым мақсатты салалары — инфрақұрылым (көлік, коммуналдық және т.б.), электр энергетикасы, машина жасау, химия, мұнай-газ, металлургия және тау-кен өндіру өнеркәсібі, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені, қаржы секторы және ақпараттық технологиялар.

2018–2022 жылдарға арналған стратегияға сәйкес, Банк жобалық-инвестициялық қызметпен қатар, акционер мемлекеттердің экономикалық бірігуін ілгерілету мақсатында есептік-клирингілік операцияларды жүзеге асырады.