23 қаз, 2018 сағат 09:45

Сағынтаев елшілердің Қазақстанға қанша инвестиция тартқанын тексеріп отыруды тапсырды

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында инвестицияларды тарту мәселесін қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және ел экономикасына тартылатын шетелдік инвестициялардың көлемін ұлғайту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша инвестициялар тартудың барлық түйінді көрсеткіштері өсті. Жаңа кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындары құрылуда. Инвесторларға барлық деңгейлерде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Инвестициялар тартудың жаңа тәсілдері енгізіліп жатыр. Дегенмен, Премьер-Министр қосымша жұмыстардың орындалуын талап ететін бірқатар аспектіге назар аударды.

Бірінші. Инвесторлармен жұмыс істеу үшін әкімдердің арнайы орынбасарлары тағайындалды, әр өңірде Kazakh Invest өкілдері мен инвесторларға қызмет көрсету орталықтары бар, өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. Осылайша, өңірлерде инвесторларды тарту үшін тиімді жұмыс істеуге барлық жағдайлар жасалған. Облыстардың әкімдеріне барлық штабтың жұмысын үйлестіру және өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.

Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес, 2005–2017 жылдар аралығында елімізге $264 тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Алайда, инвестициялардың көлемі жеке қаражаттарды тарту жұмыстарын көрсетпейді. Жалпы, Шымкентте инвестициялар 275%-ға өскен, ал жеке қаржы үлесі тек 65%-ды құрайды. Осындай жағдай Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Астана қаласында белгіленген. Осыған орай Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әкімдердің назарын жеке инвестициялар тарту көлемін арттыру қажеттігіне аударды. Осы мақсатта жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасау тапсырылды.

Бұдан өзге, шет елдердегі өкілдіктерде де бұл жұмыс күшейтіліп, нақты үйлестірілуі тиіс. Елшіліктердің негізгі жұмысы — инвестициялар тарту мәселелері. Қандай елден, қай елшіліктің көмегімен қанша инвестициялар тартылғанын анықтау мақсатында, барлық елшіліктер жұмысындағы тартылған инвестицияларға және олардың жұмысының KPI-на талдау жүргізу тапсырылды.

Екінші. Өңірлерде өткізіліп жатқан инвестициялық форумдар: әрбір өңірлік форум қорытындысына сәйкес бірқатар жобалар бойынша көптеген меморандумдар мен келісімдерге қол қойылады. Бақытжан Сағынтаев қол қойылған меморандумдар бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру сапасын арттырып, талдау жүргізуді тапсырды. Кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуі ел экономикасын өсіруге қосымша ықпал етеді.

Үшінші. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар елімізге отбасы мүшелерімен бірге келеді. Соған орай, оларды тіркеу, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен, мектептермен қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету және басқа да сервистік қызмет көрсетуге қатысты мәселелер жиі туындайды. Осыған байланысты барлық инвесторларға қызмет көрсетуді бір порталда орталықтандырудың маңыздылығы атап өтілді.

«2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша инвестиция тартуда барлық тиімді көрсеткіштердің өскенін министрдің баяндамасынан естідік. Жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары құрылды. Инвесторларға барлық деңгейде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Инвестициялар тартудың жаңа тетіктері енгізіліп жатыр. Дегенмен, біраз жағдайға назарларыңызды аударғым келеді. Біріншіден, инвесторлармен жұмыс істеу үшін қажетті жағдай жасалды. Әкімдердің арнайы орынбасарлары тағайындалды. Қазір өңірлерде қосымша орынбасарлар Елбасының келісімімен тағайындалған. Әр өңірде «Қазақ Инвестің» өкілдіктері мен инвестициялық көмек көрсету орталықтары ашылды. Өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. Осылайша өңірлерде инвесторлармен тиімді жұмыс  істеуге барлық жағдай жасалды. Сондықтан барлық әкімдер бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, жұмысты үйлестіруі және іс-қиылды  күшейтуі қажет», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы келесі кезекте өңірлерде жеке инвестиция тарту жұмыстарының көңіл көншітпейтіндігін баса атап өтті.

«Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өз баяндамасында қалаға салынған жеке инвестиция көлемі ОҚО үлесінен төмендігі бюджеттік инвестицияның өсуіне байланысты деп айтып кетті. Мұндай бар, оны қабылдауға болмайды. Егер біз осылай қол қусырып отыратын болсақ, онда бүкіл жұмысымыз бюджетке қарап қалады. Жалпы инвестиция өсімі Шымкентте 275 пайыз, ал жеке инвестиция үлесі 65 пайыз. Мұндай жағдайлар  СҚО, Ақтөбе, Қызылорда, Астана қалаларында бар. Яғни, жеке инвестиция тарту жұмысы жоқ деген сөз. Барлық жұмыс - бюджеттен, республикадан ақша алу, трансұлттық компаниялардың инвестициясын әкелу. Ал жеке инвестиция тарту, оларға жағдай жасау жоқ. Сол себептен құрметті әкімдер осыған баса назар аударыңыздар», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар ол Елшіліктердің негізгі жұмыс елге инвестиция тарту екендігін атап өтті және бірінші орынбасары Асқар Маминге шетелден тартылған инвестицияларды қай елден, қай Елшіліктің көмегімен келгенін саралауды тапсырды.

«Біз жалпы түрде береміз. Ал мүмкін оның ішінде белгілі бір Елшіліктер ғана жұмыс істеп жатқан шығар? Басқа жерден қызығушылық болғанымен жұмыс жоқ шығар? Қарайық, жұмыс болса айтамыз, болмаса қажетті көмек көрсетіп, күш салайық», - деді Үкімет басшысы.