04 жел, 2017 сағат 10:30

Сағынтаев денсаулық сақтау министрінің жұмысын сынады

Бүгін Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрілік қамтамасыз етуге қолданылатын шараларға қатысты есеп берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Отырыста Елжан Біртанов баяндамасын аяқтаған соң, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аталған мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

«Бір жаманы біз барлығын бір орталыққа бағындырдық. Жиһазды, автокөлікті, дәрі-дәрмекті орталықтандырдық. Яғни, біз барлығын бір орталыққа бағындырып жатырмыз. Бұл - дұрыс емес қой. Орталық мемлекеттік органдар арқылы механизмдер жүргізудің орнына басқа құралдарды іздеу қажет. Егер басқа өңірлердегі аталған жүйеде кемшілік табылса, үкіметтік емес ұйымдарды да орталықтандыру қажет шығар», - деді ол.

Сонымен қатар Премьер-министр еліміздегі дәрі-дәрмек бағасының әртүрлі екенін айта келе, бұл мәселенің әлі күнге дейін шешілмей отырғанын жеткізді.

«Түркияның Ыстанбұлы немесе Анкара қалаларында немесе шалғай аумақтағы елді-мекендерде баға бір. Ал бізде бір қаладағы әртүрлі дәріханаларда бір дәрі түрлі бағамен салытып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар есебінен тиісті түзетулер жүргізу қажет», - деді ол.