19 шіл, 2018 сағат 14:04

Сағынтаев Астана мен Атырау облысын цифрландыру және индустрияландыру жөнінде кеңес өткізді

Кеше ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңірлердің экономика саласын цифрландыруы мен ақпараттық технологияларды дамытуы бойынша есепті тыңдады.

Аталған кеңесте Қазақстанның Үшінші жаңғыруын жобалық басқару аясында осыған дейін атқарылған жұмыстардың жай-күйі талқыланды.

Жиналыс барысында Атырау облысы және Алматы қаласы әкімдіктерінің жобалық басқару бағыттары тұрғысынан бастамалар бойынша іс-шараларды орындау мен индикаторларға қол жеткізу мәселелері қозғалды.

Атап айтқанда, 2018 жылдың екінші жартысына арналған жоспарлар қаралып, өткен 6 ай бойынша атқарылған жұмыстар туралы қорытынды қаралды. Ол бағыттар: көлік және логистика, АӨК, отын-энергетика кешені, туризм, сауда, білім беру, денсаулық сақтау салалары, жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Сонымен қатар, индустрияландыруды жүргізу, экономика салаларын цифрландыру және АКТ салаларын дамыту, инвестицияларды тарту және өнімді жұмыспен қамтамасыз ету жұмыстары кіреді.

Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев пен Астана қ. әкімі Ә. Исекешев өңірдің және Астананың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндап, экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлді.   

Кеңеске ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова қатысты. Сондай-ақ, бейнеконференция байланысы арқылы инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Г. Исаева, білім және ғылым вице-министрі Б. Асылова қатысты.  

Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында еліміздің түкпір-түкпірінде бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама 2017 жылдың 12 желтоқсанында қабылданды. Жоба негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге асатын болады. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуеттін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлық технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау.