29 қаз, 2019 сағат 08:18

Сағатты ауыстыру: Еуропа елдері қызу талқылап жатыр

Өткен демалыс күні әлемнің көптеген елдері сағат тілін қысқы уақытқа ауыстырып – бір сағат кейінге жылжытты. Бүгінде 76 елде қысқы және жазғы уақытқа көшу жүріп жатыр, кейбір елдер бұл әдісті өз мемлекетінің барлық аумағында қолданбайды.

Уақытты ауыстыруды белсенді қолданатындар – Еуропа құрлығының елдері. Осыған байланысты Еуропа елдерінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Мысалы, наурызда Еурокомиссия одақтың қатысушы елдеріне осы мәселені шешу үшін екі жыл уақыт берді. Көктемде Еуропарламент осы тәжірибені тоқтату туралы финдік бастама үшін дауыс берді. Сәйкес шешім 2021 жылы күшіне енуі тиіс.

Әр мемлекет өзіне қолайлы нұсқаны таңдайды. Бірақ, белгілі болғандай, Еуропа мемлекеттерінің басшылары комиссия тарапынан жасалған қысымға қарамастан, толықтай таңдау жасауға асықпай отыр.

Атап айтқанда, Германия экономика министрі Петер Альтмайер бір дүниені өзгертпес бұрын, Еурокомиссия ЕО елдеріне жыл сайынғы уақыт ауыстырудан бас тартудың барлық салдарларын нақты бағалауды ұсынуы керек деп есептейді.

Еуропалық дәрігерлер мұндай тәжірибенің адам денсаулығына қауіпті екенін айтып, дабыл қағуда. Оның салдары көктемде уақыт бір сағат артқа ауысқанда айтарлықтай қауіпті. Олардың пікірінше, ұйқыға қатысты әлемдегі осындай ірі тәжірибе жүрек ұстамасы мен қайғылы жағдайлар қаупін арттырып отыр. Ал, бұл тәжірибеге 1,6 млрд адам қатысуда. Зерттеу көрсеткендей, ЕО-дағы адамдардың 84%-ы жазғы уақытқа ауысудан құтылғысы келеді.

«Көктемде ұйқының бір сағатын жоғалтқан кезде келесі күні-ақ жүрек ұстамасы жағдайлары 24%-ға артады. Күзде ұйқы қанған кезде жүрек ұстамасы 21%-ға төмендейді. Мұндай тенденция көлік апаттары мен өз-өзіне қол жұмсауда да байқалып отыр», - деп жазады Harvest онлайн-журналы.

Алғаш рет сағат тілі 1908 жылы Ұлыбританияда жазда бір сағат алға және қыста бір сағат артқа ауысты. Бұл идеяны Бенджамин Франклин ұсынған деп есептеледі. АҚШ-та уақытты ауыстыру 1918 жылы ғана қолданылды.